Қоғам

Тауарлардың 20 пайызы талапқа сай болмай шыққан

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті азық-түлік өнімдері мен азық-түліктік емес тауарларға тексеріс жүргізген. Жыл басынан бері сынамасы алынған 2 мыңнан астам дүниенің 20 пайызының талапқа сай емес екендігі анықталды.

Мамандар бір айда 400-ге жуық азық-түлік өнімі мен азық-түліктік емес тауарлардың сынамаларына зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, тексеруге алынған дүниелердің 17 пайызы техникалық регламенттерге сай болмай шыққан.

Наталья Беляева – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Жалпы, 5 айдың ішінде азық-түлік өнімдері мен азық-түліктік емес тауарлардың 2004 сынамасы алынды. Оның 403-і техникалық регламентке сай келмеді.

Бүгінде өңірдегі дүкен-базарлар азық-түлік өнімдеріне толы. Алайда, кей кездері тұрғындар сапасыз не болмаса сақтау мерзімі өтіп кеткен өнімдерге тап болып жатады.

– Мен көбінесе супермаркеттерге барамын. Себебі, ол жерде тауарларды өзің таңдап жүріп аласың. Кей кезде мерзімі өтіп кеткен азық-түлік те кездеседі. Сол себепті, мұқият болу керек.

– Әрдайым азық-түліктің жарамдылық мерзіміне қараймын. Сол себепті, мұндай жағдайға тап болмаппын. Көбінесе тауарларды сауда желілерінде сатып аламын.

Ойыншықтардың сапасы да мамандардың бақылауында. Әсіресе, олардың дені Қытайдан жеткізілетін көрінеді. Көбісінің құрамында фенол мен формальдегидтің шектен тыс мөлшері табылыпты. Ал бұл денсаулыққа зиянды. Салдарынан балада әлсіздік белең алып, бас ауруы пайда болуы мүмкін. Сол себепті, мамандар тауарлардың сапасына әрдайым мән беріп, тиісті құжаттарын сұратып, қарауға кеңес береді.

 

 

Ешкенова Дана