Қоғам

“Тарих шежіресі” атты кітап көрмесі қанат жайды

Елорда күніне арналған көрме қанат жайды. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада оқырмандардың назарына “Тарих шежіресі” деген атаумен кітаптар топтамасы ұсынылды.

Мұндағы кітаптардың сыртқы мұқабасының түрлілігі көздің жауын алады. Қайсысын қолыңызға алсаңыз да іші тұнған тарих. Нұр-Сұлтан қаласының тарихы. Оның құрылуы, қалыптасуы мен даму қарқыны. Бір сөзбен айтқанда кешегісі мен бүгіні.

Елордаға биыл 21 жыл толып жатыр. Еліміз егемендігін алып, экономикамыз әлі де шатқаяқтап тұрған тұста бас қала Ақмолаға ауысып, сол жылдары талай туынды жарық көріп еді. Міне, солардың ең негізгілері сөрелерге топтастырылып қойылған.

Кәмшат Әбілкәрімова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК библиографы:

– Негізі, бұл көрме 4 бөлімнен тұрады. Ең бастапқы бөлімде Нұр-Сұлтан қаласының тарихын әңгімелейтін кітаптар бар. Және де астанамыздың бүгінгі күні мен ақындардың шығармашылығы жиналған шығармалар топтастырылған.

Бүгінгі көрмеге 80 еңбек қойылыпты. Туындылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Мұнда Елбасының авторлық шығармаларын да байқауға болады. Оған қоса еліміздің бірқатар белді тұлғаларының Нұр-Сұлтан қаласы жайлы жазған мақалалары мен тілшілерге берген сұхбаттары топтастырылған.

Кәмшат Әбілкәрімова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК библиографы:

– Біздің кітапханаға соңғы рет «Ел жүрегі – Астана» атты кітап келіп түсті. Мұнда 2017-2019 жылдары мерзімді басылымдарда жарық көрген мақала мен сұхбаттар топтастырылған. Жинақтағы шығармалардың авторы астаналықтар деп айтуға да болады.

Жалпы, облыстық кітапханада 600 мыңнан астап кітап бар екен. Мұндағы тұрақты оқырмандардың саны да аз емес. Олардың қатарын көбейту үшін кітапханада осындай көрме, кездесу, отырыстар сияқты түрлі шаралар жиі өткізіліп тұрады.

 

 

Маржан Касымбек