Құқық қорғау органдары

Полиция қызметкерлері түлектермен кездесті

Тәртіп сақшысына қандай талаптар қойылады? Қызметтің қиындығы мен абыройлығы. Полиция департаментінің мамандары М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-інде соңғы курста оқып жүрген студенттермен кездесті. Жастармен пікір алмасып, сұрақтарына жауап берді.

Қылмыстың бетін ашу, қоғамдық тәртіпті қадағалау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл – тәртіп сақшыларының міндеті. Болашағын дәл осы мамандықпен байланыстырғысы келетін жастарға полиция қызметкерлері жұмыстың артықшылықтары мен қиындықтары туралы, қойылатын талаптар туралы баяндады.

Шараға жастармен кездесіп, өз тәжірибесімен бөлісуге ішкі істер органдарының ардагерлері Ақан Сыздықов пен Ермек Талғарбаев келген. Жиынға адам өмірін құтқарып, «Ерлік үшін» медалімен марапатталған Қанат Фазылов пен Юлий Данильченко да қатысты.

Студенттер тәртіп сақшыларына толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды.

– можно узнать, тестирование когда будет, и физподготовка, и сколько вакансий?

Құқық қорғау органдарында жұмыс істеудің бірқатар артықшылықтары бар екені мәлім. Мәселен, жедел тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне тұрғын үйді жалға алу үшін қаржылай қолдау көрсетіледі. Бұл жеңілдік алдағы уақытта барлық полицейлерге де қолжетімді болуы мүмкін.
Пайдалы ақпарға қанық болып, толғандырған сұрақтарына жауап алған жастар арасынан полиция қызметкері атанғысы келетіндері де табылды.

Сейделхан Нұрлыхан – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Полиция болу – бұл менің бала күнгі арманым. Полиция – ол бір жағынан өзінің Отан алдындағы бір борышың. Мемлекетке көмектесу тек қана айлық алып жұмыс істеу емес, бір адамға көмектесу. Мен өз алдыма мақсат қойғам генерал болам деген, сол мақсатыма жетемін.

Тәртіп сақшылары алдағы уақытта осындай кездесулерді жиірек өткізбекші.

Актолкын Солтанханкызы