Білім

Петропавлдық студенттер Польшада тәжірибе жинақтайды

Петропавлдан – Польшаға! Бүгін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 40 студенті Мәскеу арқылы Варшава қаласына ұшты. Болашақ мамандар онда экологиялық таза жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін өсіретін кәсіпорынның базасында тәжірибеден өтпек.

Таңғы сағат 6. Петропавл халықаралық әуежайына келген студенттердің көбі тіркеуден өтіп, ұшаққа отыруға дайындалуда. Шамамен 3 сағаттан кейін теріскейлік жастар Ресейдің бас қаласында болады. Кейін сол жақтан Польшаның Варшава қаласына аттанбақ. Ол жақта олар 5 ай бойы өндірістік тәжірибеден өтеді деп жоспарланған. Барлығы – 40 студент.

Серік Қалыбек М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға “Серпін” бағдарламасы бойынша оқуға түскен. Шетелде білім алудың сәті туғанына Серіктің қуанышында шек жоқ.

Серік Қалыбек – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Бірінші рет шетелге ұшайын деп жатырмын. Әрине қобалжу бар. Бірақ ол жақта өзімізді жақсы жағымыздан көрсетіп, Қазақстанның атын шығарамыз деген ойдамын.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен польшалық «AGROS» компаниясының өкілдері үстіміздегі жылдың ақпан айында кездесу өткізіпті. Жиын барысында олар өзара әріптестік орнатып, білім мен тәжірибе алмасуға келіскен екен. Нәтижесінде жергілікті жоғарғы оқу орнында “Агрономия” және “Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы” мамандықтары бойынша оқып жатқан студенттер шетелде өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болып отыр.

Сондай-ақ, польшалық компания солтүстікқазақстандық студенттерге жатын орын береді, тәжірибеден өту кезінде еңбекақы да төлейді.

Білім қуған жастармен бірге Польшаға оқытушылары Фариза Мұқанова да бара жатыр.

Фариза Мұқанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ агротехникалық факультетінің оқытушысы:

– Олар ол жақта білімдерін арттырып, жаңа технолгиялармен танысады. Барлығы 40 студент.

Айта кетейік, польшалық компания қазақстандық білім ордаларымен студенттерді оқыту бойынша бұрын-соңды жұмыс істеп көрмепті. Биыл алғаш болып СҚМУ-мен байланыс орнатқан.

 

 

 

Ешкенова Дана