Қоғам

“Оралман” мәртебесінің мерзімі өтіп кеткен тұрғындарға жеңілдік

93 өңір тұрғыны “оралман” мәртебесінің мерзімін өткізіп алған. Олардың 80-і бүгінде бұл статусты қайта иеленді. Мұндай мүмкіндік Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жасалып отыр. Наурыздың 16-сы Тұңғыш Президент этникалық қазақтардың мерзімді тағы бір жылға дейін ұзарта алатындықтарын айтқан болатын.

Күнсұлу Байбурина – Ресейдің тумасы. Кіндік қаны Омбы облысында тамған нәзікжанды өмірінің саналы бөлігін көрші елде өткізді. 3 баласын бағып-қағып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Ал 2017-де Қазақстанға, оның ішінде Петропавлға көшу туралы шешім қабылдаған.

Күнсұлу Байбурина – қала тұрғыны:

– Қорған облысы Петуховода тұрып, содан келдім. Жалғыз қалдым. Мұнда балаларым бар. Балаларым осында 8 бітіргеннен кейін техникумға түсті. Оны бітіргеннен кейін осында қалып, отбасын құрды. Үлкені – 48де, кішісі – 45-те.

Кейуанаға келген бетте «Оралман» мәртебесін рәсімдепті. Сәйкесінше, квотаға ие болып, тұруға ықтиярхат алған. Құжат тек 1 жылға беріледі. Осы аралықта ол Қазақстанның азаматтығын алуға өтініш білдіруі тиіс. Алайда, Күнсұлу Байбурина бұл уақытты өткізіп алған көрінеді. Құжатты рәсімдеу мерзімі таусылып қалса да оны созуға мүмкіндік бар екен.

Сәбит Жүсіпов – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының инспекторы:

– Елбасы Н.Назарбаев наурыздың 16-сы “оралман” статусының мерзімі өтіп кеткендер үшін оны ұзартуға болады деп айтты. осыған орай біз алдын-алу іс шарасын өткіздік. Екі күнде 80 адам мерзімді ұзартты.

Бүгінде өңірде шетелден қоныс аударған 571 этникалық қазақ бар. Олардың тек 123-і «оралман» мәртебесін рәсімдеген. Қалғандары тұруға ықтиярхат қана алыпты. Ол ең көп дегенде 10 жыл бойы Қазақстанды мекендеуге мүмкіндік береді.

Көші-қон қызметінің шарасы аяқталды. Бірақ, қандастарымыздың жыл соңына дейін уақыты әлі де бар. Айта кету қажет, бұрын-соңды оралмандарға мәртебесінің мерзімін ұзарту жеңілдігі берілмеген болатын. Биыл бұл шара алғаш рет қолға алынып отыр.

 

Эльмира Садвокасова