Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімдігінің отырысы өтті

Аудандар кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, бизнесті одан әрі өркендетуге асығар емес. Бұл мәселені облыс әкімдігінің кезекті отырысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов көтеріп, бірде-бір жобаны қолға алмаған атқамінерлерді қатаң сынға алды. Тағы, жиын барысында Елорда күнін атап өту туралы да сөз болды.

Кәсіпкерлік – өңір экономикасының қозғаушы күші. Бұлай деуімізге нақты себеп те, дәлел де бар. Бүгінгі күні өлкеміздегі еңбекке қабілетті адамдардың әрбір оныншысы бизнеспен айналысады. Яғни, 30 мыңнан аса теріскейлікм кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Өткен жылы бұл жандар әжептеуір пайда тауыпты, салық төлепті.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Былтыр аймақтағы бизнес субъектілері 537 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бұл 2017 жылдағы көрсеткіштен 3,6 пайызға артық. Тағы, 2018-де қалталы азаматтар салықтың 56 процентін өтеді. Яғни, 41 миллиарды қазынаға аударылды.

Өз сөзінде Құралай Жарова кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға да тоқталды. Бұл бағытта “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы жұмыс істейтіндігі мәлім. Аталған жобаны 2017-2019-шы жылдары өлкемізде жүзеге асыру үшін 6,4 млрд теңге бөлініпті. Алайда, теріскейлік іскер жандар мемлекеттік ақшаға иек артып, бизнес бастауға, әрмен қарай өркендетуге асықпай отыр. Яғни, белсенді емес. Бұған облыс әкімі Құмар Ақсақалов жіті тоқталып, аудан басшыларын қатаң сынға алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы 10 жылдың ішінде субсидияландыру құралы бойынша Уәлиханов ауданы бірде-бір жобаны қолға алмады. Ақжарлықтар болса 6-ақ бастаманы ұсынды. Бұл өте аз. Іске жөндеп кірісу керек. Ол үшін мемлекет бар жағдайды жасап, қаржыны ұсынып отыр. Неге осы ақшаны пайдаланбасқа. Түрлі идеяларды жүзеге асыруға болады.

Кепілдендіру құралы бойынша да жөнді жұмыс жасалмай жатыр. Аталған бағытта Айыртау ауданында соңғы 10 жылдың ішінде тек 3 жоба бастау алыпты. Ақжарда да дәл солай. Ал уәлихановтықтар мүлде іске кіріспеген екен. Мұны аудан басшысы былай түсіндірді.

Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:

– Екінші деңгейлі банктермен залогтар қабылданбайды. Алыс дейді де алмайды. Келген күннің өзінде формально келеді, бір құжатты сұратып, айлап жүргізеді. Осы проблема болып тұр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Көп ақша сұрамай, майдадан бастау керек шығар. Әжептәуір сұрасаңдар әрине бермейді. Сен өзің жүру керексің. Кәсіпкерлерге өзің көмектесу керексің.

“Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша да айтарлықтай шаруа атқарылмаған. Бұл жоба аясында өңірімізде саусақпен санарлық жоба қолға алыныпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің өңірде тек 4-ақ жоба бастау алды. Олардың құны – 500 млн теңге. Ал мемлекет бұл бағытта жұмыс жүргізу үшін 600 млрд теңге бөліп отыр. Құрметті аудан әкімдері, сіздер өздеріңіздің командаларыңызбен бірге осыны, қарапайым дүниені жүзеге асыруға болады ғой.

Отырыста бір кездері кәсіпкерлерге тегін берілген аумақтарды мемлекет меншігіне қайтару жайы да қаузалды. Бұл бағытта қазір қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2017 жылы – 14, ал былтыр 5 жер учаскесі қалалық әкімдікке өтіпті. Биыл да біраз шаруа атқарылған.

Бейбітбек Жайлыбаев – СҚО жер инспекциясы басқармасының басшысы:

– Бүгінгі күні 7 учаскені алдық. Қазір біраз учаскелер бойынша істер сотта қаралуда.

Бірақ, алынған учаскелердің санына Құмар Ақсақаловтың көңілі толмады. Ол қаланың қай ауданына барсаң да сатылатын жер туралы жарнама көретіндігін айтты. Және мұны реттеуді қатаң тапсырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кәсіпкерлер учаскелерді сатып алса әңгіме басқа болар еді. Оларға жер тегін берілген. Қазір ондай аумақтарда ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Қаңырап бос тұр. Міне, осы учаскелерді ақысыз мемлекетке қайтарыңыздар. Егер де аталған бағытта ештеңе тындырылмаса, қала әкімдігі мен жер қатынастары және жер инспекциясы басқармаларының жөнді жұмыс істемей жатқандығын білдіреді.

Сонымен қатар, жиында Елорда күнін атап өту туралы да сөз болды. Мерекеде өңірде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылмақ.

Әсем Рахметова – СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Мереке күндері облыс аумағында 500-ден аса іс-шара ұйымдастырылады. Тағы, 20-дан аса жаңа әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылмақ. Олардың қатарында 2 көпқабатты үй, қонақ үй, спорт алаңы, коворкинг-орталық, жастар алаңы, мал сою қосындары, кірпіш, жартылай дайындалған өнім шығаратын цехтар бар.

Мерекелік шаралардың негізгісі шілденің 6-шы жұлдызында қаламыздың басты алаңында өтеді. Ол күні тұрғындар мен шаһар қонақтары үшін жергілікті әнші-бишілерден бөлек, эстрада жұлдыздары да өнер көрсетпек. Тағы, алып күш иесі Сергей Цырульников те келеді деп жоспарланып отыр. Сөз соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәдени шаралардан бөлек, аймақтағы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, қарттарға көмек көрсету қажеттігін баса айтты. Бұдан бөлек, өңір жетекшісі демалыс күндері Арыс қаласында болып, ондағы жағдайды көргенін баяндады. Және қиын сәтте алыстағы ағайынға жәрдем берген теріскейліктерге өз атынан алғыс білдірді.

Култанов Байболат