Қоғам

“Жасыл ел” жасағының кезекті жұмыс маусымы басталды

“Жасыл ел” жасағының кезекті жұмыс маусымы басталды. Биыл оның сапында 665 жас бар. Бүгін солардың 30-дан астамы “Қызылжар” орман шаруашылығының аумағын абаттандыруға қатысты.

Маржан Қасымбек:

– «Жасыл ел» жасағының жастары жұмысты таңғы сағат 9-да бастайды. Бұл жерде уақытыңды тиімді өткізесің әрі жаңа достар табуға да болады.

Белсенді жастардың арасында студенттермен қоса мектеп оқушылары да бар. Олардың тең жартысы қолдарына кетпен ұстап, қарағай маңын қаулап кеткен арам шөптен тазалап жатыр. Ал қалғандары жұлынған өсімдіктерді жинап жүр. Амина Темерханова биыл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің 1-курсын тәмамдапты. Бойжеткеннің “Жасыл ел” сапында жүргеніне 3 жыл болған екен.

Амина Темерханова – «Жасыл ел» жасағының сарбазы:

-Мен “Жасыл ел” жасағында бірінші рет жұмыс істеп жатқан жоқпын. Мұнда алғаш келгенде 10-сыныпта едім. Мұнда төлейтін жалақысы жақсы. Маған бұл жерде жұмыс істеген ұнайды.

“Жасыл ел” сапында 16 мен 29 жас аралығындағы кез келген азамат жұмыс істей алады. Бастаманың тағы бір ерекшелігі – өңіріміздің жастары табиғаттың көркеюі мен тазалығының сақталуына өздерінің аз да болсын үлесін қоса алады.

Антон Шишканов – “Жасыл ел” жастар еңбек жасағының менеджері:

– “Жасыл ел” қатарында 665 адам бар. Олардың жартысы орман шаруашылығы базасында еңбек етеді. Ал қалғандары облыс орталығында белгілі бір аумақты қоқыстан тазартумен айналысады. Жұмыс айтарлықтай қиын емес, ұжымымыз бір-бірімен тату. Оған қоса, біз жылда “Таза аулалар”, “Көрікті шаһар” сынды түрлі акцияларды да ұйымдастырып отырамыз.

Биыл жазда “Жасыл ел” екі маусым бойы жұмыс істейтін болады. Бір ай еңбек еткен жастарға қызметіне қарай лайықты қаражат төленеді. Яғни, жасақтың әр мүшесі 75 мың теңге көлемінде жалақы алады.

Маржан Касымбек