МТРА жаңалықтары

Заңды тұлғаларды «Азаматтарға арналған үкімет» тіркейді

Шілденің 1-інен бастап заңды тұлғаларды тіркеумен “Азаматтарға арналған үкімет” айналысады. Бұрын олар тек құжаттарды ғана қабылдайтын. Ал қалған қызметті Әділет департаменті жүргізген екен.

“Азаматтарға арналған үкімет” корпорациясы 630-дан астам мемлекеттік қызмет көрсетеді. Ал 1-шілдеден бастап олардың қатарына тағы біреуі қосылды. Мәселен, заңды тұлғаларды, коммерциялық ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерін тіркеу жұмыстарын енді аталған ұйым жүргізеді. Бұған дейін бұл қызметтерді Әділет министрлігі атқарған екен.

Жәнібек Қамбаров – “Азаматтарға арналған үкімет” МК КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

– Жалпы, заңды тұлғаларды тіркеумен облыста 295 адам айналысады. Оның 95-і – қалалық филиалдарда, 166-сы – аудандық бөлімдерде және 34-і филиал бөлімшелерінде қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаларды алғашқы тіркеу  тіркеуші органның қатысуынсыз egov.kz арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, “Азаматтарға арналған үкімет” корпорациясы мемлекеттік мекемелерді де тіркейтін болады.

Жәнібек Қамбаров – “Азаматтарға арналған үкімет” МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары :

– Мәселен, балабақша атауын өзгертіп, қайта тіркеуден өту қажет болған жағдайда “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясына жүгінеді. Құжаттарды қабылдау бұрынғыдай ХҚКО-ның бөлімдерінде жүргізіледі.

Айта кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жергілікті 12 қызметкері Әділет департаментінде арнайы оқытудан өткен болатын. Ал сол жерден ұйымың филиалына бес маман ауысқан екен.

 

 

Ешкенова Дана