Ауа райы

Шыжыған жаздың ауылы алыста емес

Маусым айы жерлестерімізді ыстық күндерімен жөнді қуанта алмады. Бірақ, шыжыған жаздың ауылы алыста емес дейді синоптик мамандар.

 Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Теріскейліктердің таңы кофеден емес, ауа райы болжамын қараудан басталады. Көңіл күйіміздің түсетіні сөзсіз. Оған тағы қауыр желіден келетін смс-хабарламалар да қосылады. Жаздың бір айы артта қалды. Ал, жерлестеріміз болса әлі күнге дейін табиғат аясында дем алып, шомылу маусымын аша алмай жүр. Шілде бізге мұндай мүмкіндікті сыйлар ма екен?

Сұрағымызға синоптиктер былайша жауап қайтарды. Шілде айында да ауа райы тұрақсыз болады. Бүгін-ертең дауыл, бұршақ жауады. Сондай-ақ, қатты жаңбыр күтілуде.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РМК СҚОФ метеоболжау бөлімінің басшысы:

– Бірінші онкүндіктің бірінші жартысында ауа температурасы түнде 8-13, кей жерлерде 16 градус жылыға, күндіз 17-22, кей жерлерде 25 жылыға дейін төмендейді. Екінші жартысында түнде 10-15, кей жерлерде 7 градус жылыдан 13-18, кей жерлерде 21 градус жылыға дейін ауытқиды.

Шілде айының ортасы теріскейліктерді біраз қуантпақ. Табиғат аясындағы естен кетпес демалысты дәл осы уақытта ұйымдастыруға болады. Өзен-көлдерде шомылуға да мүмкіндік тумақ. Ауа температурасы 30-35 градусқа дейін жоғарылайды. Бірақ, ұзаққа емес. Екінші онкүндіктің соңына қарай қайта суи бастайды.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РМК СҚОФ метеоболжау бөлімінің басшысы:

– Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 10-15 градус жылыдан 18-23 градус жылыға, күндіз 25-30, кей жерлерде 20 градус жылыдан 30-35 жылыға дейін ауытқиды.

Шілде айы солтүстікқазақстандықтарды 1940-шы жылдағыдай таң қалдырмайды дейді мамандар. Ол кезде сынап бағанасы +40,5 градусты көрсеткен. Бастысы 47-дегідей суық болмаса болды. Онда ауа температурасы +4-ке дейін төмендепті.

Эльмира Садвокасова