Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімдігінің отырысы өтті

Бүгін облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында 2 сұрақ қаралды. Алдымен өңіріміздегі шағын және орта бизнесті дамыту жайы талқыланды.

Бұл сауал төңірегінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова баяндама оқыды. Оның сөзінше бүгінгі күні теріскейде 30 мыңнан аса іскер жан жұмыс істейді екен. Олар былтыр 537 млрд теңгенің өнімін шығарыпты. Бұл 2017-ші жылдағы көрсеткіштен 3,6 пайызға артық. Тағы, 2018-де қалталы азаматтар өлкенімізден төленуі тиіс салықтың 56 процентін өтепті. Яғни, 41 миллиардты ел қазынасына аударған.

Осыдан Солтүстік Қазақстандағы кәсіпкерлік саласының дамып келе жатқандығын ұғынамыз. Бірақ, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов істі одан әрі жетілдіріп, табысты молайтуға болатындығын тілге тиек етті. Ол үшін жаппай мемлекеттік бағдарламаларға жүгіну қажет. Ал аудандар оған асығар емес. Мәселен, уәлихановтықтар 10 жылдан бері “Бизнестің жол картасы – 2020” жобасы аясындағы кепілдендіру құралы бойынша бірде-бір жобаны қолға алмапты. Мұны аудан басшысы былай түсіндірді.

Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:

– Екінші деңгейлі банктермен залогтар қабылданбайды. Алыс дейді де алмайды. Келген күннің өзінде формально келеді, бір құжатты сұратып, айлап жүргізеді. Осы проблема болып тұр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көп ақша сұрамай, майдадан бастау керек шығар. Әжептәуір сұрасаңдар әрине бермейді. Сен өзің жүру керексің. Кәсіпкерлерге өзің көмектесу керексің.

 

 

 

 

Култанов Байболат