Балалар

Оқушылар сарайында жазғы академия жұмыс істеуде

Қызықты әрі пайдалы демалыс! Қазіргі күні қаламыздағы Оқушылар сарайында жазғы академия жұмыс істеп жатыр. Оның аясында солтүстікқазақстандық 6 мен 15 жас аралығындағы балалар түрлі сабақтарға қатысып, уақыттарын тиімді өткізеді. Оған қоса, ойындар ойнап, мерекелік шараларға қатысады.

Жазғы академиядағы сабақтар таңғы жаттығудан басталады. Қаз-қатар сап түзеген балалар алып экранға қарап, мультфильм кейіпкерлерінің қимылдарын қайталауда. Осылайша көңілдерін көтеріп, сергіп алады. Кейін, жас ерекшеліктеріне байланысты кабинеттерге тарайды. Мына бөлмеге кіші топтағы ұл-қыздар келді. Олар қазір суреттерді бояп жатыр. Тапсырманы қатарластарымен бірге Наргиз Сәрсенбаева есімді балақай да орындауда. Оған академиядағы демалыс қатты ұнапты.

Наргиз Сәрсенбаева – Оқушылар сарайындағы жазғы академияның қатысушысы:

– Мен Оқушылар сарайына келіп жүрмін. Мұнда маған ұнайды. Әр түрлі сабақтарға барамын. Біз қазір сурет салдық. Мен мынандай сурет салдым.

Ал мына бөлмеде домбырада ойнау үйретіліп жатыр. Өнерге біртабан жақын балаларға сабақты “Асыл мұра” үйірмесінің ұстазы Айбек Дәкеров береді. Ол бүгін ұлдарға қағыстарды түсіндірді. Мұны Алғат Сайранов жақсы біледі екен. Себебі, жеткіншек бұған дейін ұлтық аспабымызды қолына алып, шерткен көрінеді.

Алғат Сайранов – Оқушылар сарайындағы жазғы академияның қатысушысы:

– Мен өзім ауылдын баласымын. Ауылда домбыра тартуды үйрендім. Қалаға келген соң, Оқушылар сарайына келіп те үйреніп жүрмін. Өзіме ұнайды.

Үйірме ұстазы домбыра сабағының балаларға берері мол дейді. Ол қос ішекті аспабымызда ойнай алатын әр жеткіншек ұлттық өнерімізді ұлықтап жүретіндігіне сенімді.

Мынау – химия кабинеті. Мұнда ересек топтағы балалар маманмен қант құрамындағы глюкозаны анықтап жатыр. Жалпы, жазғы академияға келуші жандарға ұстаздар 28 түрлі сабақ береді. Олар бұған дейін 100-ден аса ұл-қызды қабылдап, демалысты тиімді әрі көңілді өткізуге атсалысыпты. Қазір 2-ші ауысымдағы 140-қа жуық баламен жұмыс істеп жатыр.

Кәмшат Мусина – Оқушылар сарайындағы жазғы академияның жетекшісі:

– 6 мен 15 жастағы балаларды қабылдаймыз. Бұл балалар әр түрлі бағытта үйірмелерге қатысады. Спорттық ойындарға, вокалға, биге қатысады.

Шілденің 9-ы мен 19-ы аралығында жазғы академия балалардың үшінші легін қабылдамақ. Оған кез келген ұл-қыз бара алады. Демалысты керемет өткізу үшін алдын ала жазылу қажет.

 

 

 

Култанов Байболат