Қоғам

Көшедегі шахмат фигуралары жаңартылды

Кәрім Сүтішев көшесіндегі шахмат фигуралары жаңартылды. Сәулеттік шағын мүсіндер өткен жылы ғана орнатылған болатын. Бірақ, бір жыл өтпей жатып әбден бүлініп қалған.

Кішкентай Сұлтан Ермек шахмат ойнағанды жақсы көреді. Бүгін жаңаланып қалған сәулеттік мүсіндерді көріп, әкесімен шахмат ойнап көрді. Дарынды жеткіншек жеңіске жетті.

Сұлтан Ермек:

– Мені шахмат ойнауға атам үйретті. Маған шахмат қатты ұнайды. Көбінесе әкеммен және әпкеммен ойнаймын. Мен бұл жерге бірінші рет келіп тұрмын. Тағы да осы жерге ойнауға келемін.

Алып шахмат фигуралары шаһарда былтыр ғана орнатылған болатын. Алайда, көп ұзамай оларды белгісіз біреулер қиратып кеткен.

Әсем Айтолла, Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Биылғы жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі шахмат шағын архитектуралық формаларын қалпына келтірді. Шахмат клубының алдына қайта қойылды.

Бұл маң тұрғындардың сүйікті орындарының бірі десе артық айтқандық емес. Өйткені, көпшілігі осы жерге келіп, қарағайлардың саясында тыныстайды, ерекше шахмат фигураларымен ойнайды. Бір әттегені, сәулеттік мүсіндерге зақым келтіретіндер бар, тіпті ұрлап кететіндер кездесетін көрінеді. Содан шахмат фигуралары құлайды, қырылады, сырылады, сөйтіп сиқы кетеді. Үш күн бұрын жаңаланған бұл шахмат фигуралары да көпке шыдамайтын сияқты. Өйткені, бүгіннің өзінде сызат түсіп, кейбір жерлері опырылып қалған.
Сол себепті, тұрғындар тарапынан ұқыптылық та әрі шахмат фигураларын жасау барысында сапасына да баса мән беру қажет сияқты.

Актолкын Солтанханкызы