Білім

Өңір бойынша ҰБТ-дан ең жоғарғы көрсеткіш 134 ұпайды құрады

Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырған өңір түлектерінің ең жоғарғы нәтижесі – осындай. Емтиханға қатысуға 2159 талапкер өтініш білдірген екен. Олардың 1300-дейі тестті жергілікті университет қабырғасында жазуға міндеттелді. Алайда, 125 жас 11 жылдық білімін сынауға келмепті.

Жергілікті университет тағы да талапкерлерге толы. Бұл жолы олар ҰБТ емес, жоғарғы оқу орнына түсуге құжаттар тапсыруға келген. Таңертеңнен кешке дейін мұнда сынақта жинаған ұпайлары жазылған сертификатты ұстаған жастар ағылуда. Мейрам Ескендіров – болашақ ақ халатты абзал жан. Анасы мен туған ағасының жолын қуып, ол да дәрігер болғысы келеді. Сондықтан, емтиханда химия мен биология пәнін тапсырыпты. Қазір де азамат үшін жауапты сәт – алдағы бірнеше жыл бойы білім алатын университетті таңдау қажет.

Мейрам Ескендіров – талапкер:

– ҰБТ ойдағыдай тапсырдым. Оңай болды деп айта алмаймын. Дегенмен, оқыған, білген сұрақтар келді. 103 ұпай жинадым. Жалпы медицина мамандығына тапсырамын деген шешімге келдім. Құжаттарды Нұр-Сұлтан, Қарағанды мен Петропавлдағы университеттерге тапсырып көремін. Бірақ, отбасымның, үйдің жанында оқығанға не жетсін?

Ал шығармашылық мамандықты таңдағандар ҰБТ-да бар-жоғы екі пәнді тапсырған болатын. Есесіне, қазір оларды жоғарғы оқу орнындағы сынақ күтіп тұр. Болашағын журналистика, дизайн, музыкамен байланыстырамын дегендер құжаттарын қазірден-ақ тапсырып жүр. Ал мемлекеттік гранттан үмітті жастар үшін бұл науқан шілденің 13-інен басталады. Бір апта ішінде қыз-жігіттер қалаған университеттерін таңдап, өтініштерін білдірулері қажет. Тегін оқу мүмкіндігі жергілікті жоғарғы оқу орнының қабырғасында тапсырған мыңнан астам балаға бұйыруы мүмкін. Олар қажетті шектік ұпайды жинапты.

Алмас Кенжеғалин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– Ешқандай заңбұзушылықсыз өткізілді. Орташа ұпай – 81. Ең жоғарғы ұпай – 134. Төменгі көрсеткіш – 21 ұпай.

Шектік ұпайға қол жеткізе алмағандарға алдағы уақытта бір емес, екі мүмкіндік беріледі. Олар ақылы түрде университетке түсу үшін тамыз айында емтихан тапсыра алады. Құны – 2242тг. Соның өзінде жолы болмаса, шартты түрде жоғарғы оқу орнында білім алуды бастауы мүмкін. Бірақ, ҰБТ-дан бәрібір құтыла алмайды. Бірінші семестр аяқталғанан кейін оларға тағы да сынақ ұйымдастырылады.

Эльмира Садвокасова