Қоғам

Теріскейлік журналистер құрметке бөленді

Өз ісінің хас шеберлері. Жергілікті журналистер төл мерекелеріне орай салтанатты шара өткізді. Жексенбіде жүздескен олар араларындағы мықтыларды түрлі наградалармен марапаттады.

Салтанатты шара барысында Журналистер одағы облыстық филиалының мүшелері сөз сөйлеп, әріптестерін төл мерекемен құттықтады.

Кейін марапаттау рәсімі де басталды. Кәсіби мерекеге орай “ҚР құрметті журналисі” төсбелгісі “Литер” газетінің меншікті тілшісі Зәуре Жұмалиеваға табыс етілді. Оның бұл салада еңбек етіп жүргеніне 30 жыл болыпты.

Зәуре Жұмалиева – “Литер” газетінің меншікті тілшісі:

– Бұл мамандық жаныма өте жақын. Шынымды айтсам, жұмысым мен үшін хобби. Жас журналистере айтарым, әрдайым ізденіс үстінде болу керек. Кез келген қарапайым мәліметтен қызықты бір материал жасап, оны халыққа дұрыс әрі қанық жеткізу – журналистің парызы.

Бұл кеште Муниципалды телеарнаның редакторы Светлана Дроздецкая “Жыл редакторы” номинациясына ие болды. Журналистика саласына өмірінің 20 жылын арнаған жан өзі еңбек ететін редакция ұжымын екінші отбасысы ретінде санайды.

Светлана Дроздецкая – МТРА редакторы:

– Кезінде бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Оған қоса Муниципалды телеарнаның бір мүшесі болу – мен үшін үлкен мақтаныш. Еңбегіміз бағаланып жатыр. Бүгінгі марапат тек менің ғана жеке жетістігім емес. Бұл – ұйымшыл редакциямыздың ортақ жемісі.

Эфирдегі кадрлардың әдемі, сапалы болуы – операторлардың еңбегі. Төлеген Имановтың есімі солтүстікқазақстандық көрермендерге жақсы таныс. Ол бүгін “Жылдың үздік журналисі” атанды. Айтуынша 25 жылдың ішінде тек түсіріп қана қоймай, тілшілердің орнына тікелей эфирге де шыққан кездері аз емес. Мұны бірі білсе, бірі біле бермейді.

Төлеген Иманов – «Хабар» агенттігінің бейнеоператоры:

– Оператор қажет болса 2 бірдей міндетті қатар атқара алады. Себебі, біз тек түсіріп қана қоймаймыз, кей кездері әріптестерімді қолдап, үлгермей жатса, эфирге де шығамыз. Ең бастысы, жаңалықтарды жаңаша форматта, қызықты етіп жасауға тырысамыз.

Қазақстан Журналистер одағының СҚО-да 2 жүзге жуық мүшесі бар. Бүгінгі кеште олардың бірқатары осындай және өзге де номинациялар бойынша ерекшеленіп, бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

Ешкенова Дана