Спорт

Шағын футболдан турнир бастау алды

Жасыл алаңға жергілікті жастар жиылды! Петропавлда мектеп оқушылары арасында шағын футболдан турнир бастау алды. Қала күніне арналған сайысқа 21 команда қатысып жатыр. Олар жас ерекшеліктеріне байланысты 3 топқа бөлініп, шілденің 12-сіне дейін өзара күш сынаспақ.

Турнирдің алғашқы матчы Ойқала мен Қапай аудандарының жас футболшылары арасында өтпек. Бұл кездесуге ойқалалық ұлдар уақытында келді. Ал қарсыластары болса кешігуде. Жасыл алаңдағы жеткіншектер бәсекелестерін құр босқа күтпес үшін өзара 2-ге бөлінді де ойынды бастап кетті.

Вячеслав Гуменный – “Доп” Спорт әуесқойлары” ҚБ президенті:

– Қала күніне арналған турнирдің алғашқы ойыны кіші топтағы командалар арасында өтеді. Бұл санатта 7 құрама бақ сынамақ. Олар шаһардағы аудандардың намысын қорғайды. Кейін, орта және ересек топтардың өкілдері өзара тартысқа түсіп, мықтыны анықтайды. Сайысқа жалпы саны 21 команда қатыспақ.

Қапайлық өрендер ойын уақытын білмесе керек, ақыры кездесуге келмеді. Осы үшін оларға автоматты түрде жеңіліс берілді. Сөйтіп, жиналғандар Ойқала ауданының намысын қорғайтын “Метеоры” құрамасы өкілдерінің бәсекесін тамашалады. Бұл матч өте қызықты өтті. Футболшылар сауатты қималдап қорғанды да, шабуылға шығып гол да соқты.

Матчтың негізгі бөлігі 3-те 3 есебімен аяқталды. Енді, жеңімпаз пенальти сериясында анықталмақ. Балалардың біразы 11 метрлік нүктеден гол соға алмады. Бұл тапсырманы өзгелерден бойы аласы, жасы кіші Виталий Иванов 5 деген бағаға орындады.

Өрен допты тұру қақпаның тоғыздығына дөп еткізді. Командалық әріптесі де жарады. Ол да қақпашыдан айласын асырды. Сөйтіп, Витяның құрамасы жеңіске жетті.

Виталий Иванов – “Метеоры” құрамасының қорғаушысы:

– Мен 11 жастамын. Футбол ойнаған өзіме ұнайды. Достарыммен бірге турнирге қатысып жатырмыз. Жаңа жеңіске жеттік. Әрі қарай да ұтамыз деп ойлаймын. Болашақта футболмен шұғылданып, Месси сияқты болғым келеді.

Айта кетейік, “Доп” Спорт әуесқойлары” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған турнир шілденің 12-сіне дейін жалғаспақ. Бұл жарысқа 200-ге жуық мектеп оқушысы тартылады деп жоспарланған.

Култанов Байболат