МТРА жаңалықтары

Петропавлдың 3Д-геопорталы құрылады

Петропавлда алғаш рет қаланың 3Д-геопорталын құру жоспарланып отыр. Осыған байланысты қазір облыс орталығын цифрлау жұмыстары жүргізілуде. Қазақстанда тұңғыш рет қолға алынған жоба кәсіпкерлерге, жергілікті билік пен шаһар тұрғындарына айтарлықтай пайдасын тигізбек.

Бұл – Петропавлдың болашақ 3Д-геопорталы. Оған алдағы уақытта кіріп, қаланың әрбір ауданын, көшесі мен үйін анық көруге болады. Қазір мамандар жүйені әзірлеп жатыр. Ол үшін арнайы зертхана ашылып, облыс орталығының бір бөлігі цифрландырылыпты. Осы орайда айта кетейік, мұндай инновация мәселен, Ресейдің бірнеше шаһарында ғана бар.

Кирилл Рыхликов – цифрландыру бойынша сарапшы:

– Зертхана өкілдері бірінші кезекте қалалар, елді мекендер мен аумақтарда аэрофототүсірілім жасауы тиіс. Дайындалған материал жалпыға қолжетімді интернет ресурсына жүктеледі. Кейін, осы деректердің негізінде орталықтардың, ауылдардың, инженерлік желілер мен басқаларының нақты схемасы жасалады. Бұл келешекте екінші деңгейлі сервистер құруға мүмкіндік береді.

Геопорталдың адамдарға берері мол. Мәселен, қала тұрғындары мен қонақтары жаңашылдық арқылы іздегенін оңай табады. Яғни, көшеде жүріп, біреуден сұраудың қажеті туындамайды. Кәсіпкерлерге де тиімді. Олар өздерінің жоспарындағы жобаны тұрғызбай тұрып, порталға енгізе алады. Осылайша нысанның орналасатын жерін, қаншалықты сәулетті болатындығын көреді.

Кирилл Рыхликов – цифрландыру бойынша сарапшы:

– Геомәліметтердің негізінде әзірленген цифрлы порталдың көмегімен инженерлік желілердің нақты схемасын құруға болады. Соған сүйеніп, электр желілері, су құбырларының орналасқан аумағын көреміз. Осының арқасында адамдар желілердің қай жерде орналасқандығын және олардың ұзындығын біле алады.

3Д-геопорталдың жасалуына жергілікті билік өкілдері қызығушылық танытып отыр. Себебі, мұндай жаңашылдық қалада болып жатқан оқиғаларды бақылауға мүмкіндік береді.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Егер де біз осы жоба арқылы қаланы дұрыс жоспарлайтын болсақ, бейнебақылау құрылғылары мен коммуналдық қызметтерге ақпарат беретін датчиктердің орналасатын нүктелерін анықтасақ нұр үстіне нұр болады. Себебі, біз осының көмегімен шешім қабылдай аламыз. Тағы, бұл порталда көшені жарықтандыру, қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету қызметі де кіреді.

Сонымен қатар, петропавлдықтар геопорталған кіріп, өздерінің шағымдары мен ұсыныстарын қалдыра алады.

Маржан Касымбек