МТРА жаңалықтары

Ойын алаңқайларын қалыпта ұстау қажет

Балалар қазір үй аулаларында таңнан кешке дейін асыр салып ойнайды. Бірақ, тұрғындардың кейбіреуі игілік үшін тапсырылған дүниелерге ұқыптылықпен қарамайтын сияқты. Біздің арнаның тілшілері дәл осындай алаңқайлардың бірінде болып қайтты.

Бұл – Партизанская, 185 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйдің ауласы. Мұнда тағы екі бірдей баспана орналасқан. Барлығы – 210 пәтер. Жеткіншектер үшін балалар алаңқайы мен тренажерлар орнатылған. Бірі су жаңа болса, бірінің сыры түсіп, ағаштары шіріп жатыр. Тақтайшалардың үстімен асыр салып ойнау қауіпсіз емес. Осыны алға тартып отырған тұрғындар қалалық әкімдіктің табанын тоздырып, шағымдануда. Айтуларынша жергілікті билік өкілдері міз бақпайды.

Танзиля Басаргина – Партизанская көшесіндегі 185-ші үйдің тұрғыны:

– Біз балалар алаңқайын ауыстыруды сұрап отырмыз. Балалар құлап жатады. Себебі, тақтайлары шіріп бітті. Сондай-ақ, осы жерді көтеруді өтінеміз. Көктем мен күзде осы жерге су жиналады.

Тренажерлар қолданысқа былтыр ғана тапсырылса, кейбір әткеншектердің орнатылғанына 2 жыл болыпты. Бұдан ескілері де бар әрине. Бірақ, жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, тиісті шаруа атқарылды. Ал оны қалыпта ұстап, күту – тұрғындардың еншісінде дейді әкімдіктегілер. Себебі, азаматтар тіпті бей-берекет өсіп тұрған шөпті де шабуға көңіл бөлмейді.

Әсем Айтолла – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Биыл жоспар бойынша 49 балалар алаңқайы орнатылуы тиіс. Оның дені орнатылды.

Жалпы, соңғы 3 жылдың ішінде Петропавл қаласында 139 балалар алаңқайы жеткіншектердің игілігіне тапсырылған. Бұл мақсатқа 220 млн теңге жұмсалыпты.

Эльмира Садвокасова