Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құмар Ақсақалов Арыс қаласында болып қайтты

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Түркістандағы Арыс қаласында болып қайтты. Аймақ басшысы біздің өңірге бекітілген 13-ші сектордың тұрғындарымен жүздесіп, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Теріскейліктер нысандарды қалпына келтіру шараларын бастап кеткен.

Бұл кадрлар Арыс қаласындағы 13-ші секторда жасалған. Шаһардың белгілі бір бөлігі Солтүстік Қазақстан облысы мен Түркістанның Ордабасы ауданына бекітілген болатын. Мұнда 359 баспана бар. Олардың барлығын тиісті комиссия қарап шығып, тексерістен өткізген. Жөндеу жұмыстарын 151 тұрғын үй қажет етеді. Алты нысанда кеше қалыпқа келтіру шаралары жүргізіле бастады. Атқаралып жатқан шаруа барысымен СҚО әкімі Құмар Ақсақалов танысып қайтты. Бұл туралы аймақ басшысы өзінің фейсбук парақшасында бөлісті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Халқымыздың бірлігін паш ететін “Асар жасау” деген жақсы дәстүр бар. Қиын сәтте Арыстағы ағайынға көмектесу үшін Солтүстік Қазақстан облысы асарлатып келіп қалды. Қазір Арыста тұрғын үйлер қалпына келтірілуде. Атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының барысын қадағаладым. Қазір мұнда біздің облыстың шұғыл штабы жұмыс істеп жатыр.

Жалпы, шаһар бүгінде 17 секторға бөлініп, олардың әрбіреуі 3 мегаполис пен 14 өңірге бекітілді. Бір ай ішінде аймақтардан 10 бригададан іске жұмылдырылмақ. Шаһарға екінші өмір сыйлау үшін жалпы саны 1500-дей адам еңбектенетін болады.

Азық-түлік, киім-кешек пен гигиеналық заттар. Теріскейден гуманитарлық көмектің алғашқы легі маусымның 25-і жөнелтілген болатын. 110 тоннадан астам дүние тиелген 4 фура мен бір камаз діттеген жерге жетіп, тұрғындарға үлестірілді. Арыстықтарды қажетті заттармен қамту шаралары жалғастырылуда. Еліміздің түкпір-түкпірінде арнайы штабтар да құрылды. Петропавл қаласында ол облыстық коммунистік партияның кеңсесінде орын тепкен. Мұнда солтүстікқазақстандықтар тамақтан бөлек, балаларға арнап ойыншықтар да әкеліп жатыр.

Ардақ Қажымұратов – ҚКХП Солтүстік Қазақстан обкомының заңгері:

–  Туысқандық көмек ретінде жұртшылық қолдан келген көмектерін аямай, киім-кешек, ойыншық пен тамақты әкеліп жатыр. Қаржы жинадық. Осыған дейін де орталық комитетке екі жеңіл көлікпен гуманитарлық көмекті жібердік. Халық тағы әкеліп жатыр.

Кезекті гуманитарлық көмек ертең Нұр-Сұлтан қаласына жөнелтіледі. Әр өңірден жиналғаннан кейін керуен Арыс қаласына жолға шығады.

 

Эльмира Садвокасова