Спорт

Ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өтті

Өңірде алғаш рет ұлттық спорт түрлерінен “Қызылжар-2019” ашық фестивалі ұйымдастырылды. Сайысқа облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған жалпы 800-ге жуық теріскейлік бақ сынасты.

Бәйге жарысында жылқылар 2-ден 7 шақырымға дейінгі қашықтықтарды еңсерді. Тұлпарлардың арасынан Қызылжар ауданынан келген сәйгүлік бірінші болып мәре сызығын кесті.

Руслан Арықов- ұлттық спорт ойындарының бас төрешісі:

 – 5 видов байги.

17 шақырымдық Аламан бәйгеде де жүлдені қызылжарлықтар жеңіп алды. Нұрболат есімді 15 жастағы шабандоз 3 айналымда аттың басын тартып отырып, соңғысында тізгінді босатқан екен. Бұл әдіс нәтижесін берді.

Нұрболат Берікө- шабандоз, Қызылжар ауданы:

– Аттың тізгінін тартып соңғы екі айналымға дейін күшін сақтап келді. Соңға айналымның жарты жолында бірінші келе жатқан сәйгүлікпен жағаласып келіп, қамшыны басып жеңісті жұлып әкетті.

Жалпы, ат жарыс 5 түрлі қашықтық бойынша өтті. Соның екеуінде де Қызылжар ауданы олжалы болды.

Жанат Елеусізов- Ұлттық ойындар бойынша Қызылжар Құрамасының жетекшісі:

– Бүгін 4 сәйгүлігімізді қосып едік. 4-еуі де олжалы болып жатыр. Бас бәйге аламан бәйгені де жеңіп алды. Ат – Біржан Шәймерденовтың жылқысы. Жуырда Көкшетауда үлкен бәйгені жеңіп алған.

Мына жерде көкпар ойыны өтіп жатыр. Бұл сынға 7 аудан қатысты. Дегенмен, ақтық кезеңге Ақжар және Жамбыл аудандары ғана шықты.

Бұл күні жұртшылық боз кілемде түйе палуандардың күресін де тамашалады. Белдесуде салмағы 82 келіден асатын жігіттер бақ пен бап сынасты. Солардың бірі – Дәурен Нұрғожин. Жерлесіміз екі қарсыласпен кездесіп, екеуінен де айла-әдісін асырды.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішевтың айтуынша, бұдан былай ұлттық ойындарға қолдау мығым болады. Облысымызда спорттық шараларды өткізуге бөлінетін бюджеттің 10 пайызы ұлттық ойындарға жұмсалады екен. Нақтылап айтқанда, 400 млн теңге спортшылардың жолына, киім-кешектеріне бөлінеді.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Өткен жылы облыс әкімінің қодауымен «Қызылжар арландары» клубы ашылды. Нәтижесінде биыл біз республика көлемінде қазақ күресінен қола жүлдеге ие болдық. Сондай-ақ, ат спортына да ерекше көңіл бөлінуде. 2017 жылы «Тұлпар» клубы ашылған болатын. Осының арқасында барлық аудандарда ат спортының түрлері дами бастады.

Жалпы командалық есепте Жамбыл ауданы үздік атанды. Ақжар ауданы екінші орынды иеленсе, 3-ші мен 4-ші орындарды Ғ.Мүсірепов және Шал ақын аудандары бөлісті.
Жеңімпаздар республикалық додаға жолдама алады.

 

Маржан Касымбек