Құқық қорғау органдары

“Қауіпсіз дөңгелек – 2019” байқауы өтті

Петропавлда “Қауіпсіз дөңгелек – 2019” байқауы өтті. Осымен 28-ші мәрте ұйымдастырылған сайысқа солтүстікқазақстандық 90 жас инспектор қатысты. Олар шара барысында түрлі тапсырмаларды орындап, өз араларында мықтыны анықтады.

«Қауіпсіз дөңгелек-2019» байқауына өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиылған жеткіншектер қатысуда. Олардың жастары 12 мен 14-тің аралығын құрайды. Жерлестеріміздің әрқайсысы конкурсқа жақсы дайындалып келіпті.

Алина Дурнова – Жамбыл ауданы ЖЖИ жасағының мүшесі:

– Біз бұл байқауға бірінші рет қатысып отырмыз. Конкурсқа жауапкершілікпен дайындалдық. Жол қозғалысы ережелерін оқып, таныстық. Мұны әрбір бала білуі қажет. Енді, 1-орын алуға тырысатын боламыз.

Байқау барысында 90 жас инспектор өздерінің білімдерін, шеберліктерін көпшілікке паш етті. Мәселен, қозғалысты реттеу дағдыларын, саптық даярлық пен актерлік өнерлерін ортаға салды. Медициналық көмек көрсетіп, білгендерімен бөлісті. Тағы, жол қозғалысы ережелері бойынша тест тапсырды.

Азамат Жамұқов – СҚО ПД жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:

– Полиция департаменті Білім басқармасымен бірлесе отырып, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының базасында 28-ші рет “Қауіпсіз дөңгелек” байқауын өткізіп жатыр. Конкурсқа өңіріміздің үздік жас инспекторлары келді. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың жолда жарақат алуының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін насихаттау.

Байқау соңында жүлдегерлер анықталды. 2-ші, 3-ші орынды петропавлдық және шалақындық балалар иеленді. Ал есілдік жеткіншектер конкурс жеңімпазы атанды. Енді, осы ұжым өңір намысын Қарағанды қаласында өтетін республикалық шарада қорғамақ.

Култанов Байболат