Қоғам

Зейнетақы жүйесіндегі жаңашылдықтар түсіндірілді

Тұрғындардың көбі базалық зейнетақының қалай тағайындалатыны мен оның мөлшерінің қалай анықталатынынан хабарсыз. Бүгін азаматтар толғандырған сұрақтарына жауап ала алды.

Өткен жылы елдегі зейнетақы жүйесінде ауқымды реформалар орын алып, жаңғыртылды. Енді, базалық зейнетақы қалай тағайындалады, оның мөлшері неге байланысты? Көбі жаңа ережелер мен талаптарды түсіне бермейді. Сондықтан, ашық есік күніне келгендердің басым бөлігі жуырда құрметті демалысқа шығатындар. Арасында Наталья Жепко да бар. Ол алдағы қыркүйекте зейнеткер атанбақ. Бұл үшін қандай құжаттар керек? Осыны білмекке келген.

Наталья Жепко – қала тұрғыны:

– Жеке куәлік пен еңбек кітапшасы керек екен. Тағы, банктен карточкаға тапсырыс беру қажет. Осының бәрін маған жіті түсіндіріп берді. Ешқандай кезек жоқ. Мамандар тез әрі сапалы қызмет көрсетті.

Наталья Жепконы толғандыратын тағы бір сұрақ бар. Оның жұмыс берушісі зейнетақы жарнасын ай сайын емес, тоқсан сайын аударып тұрған. Салдарынан нәзікжанды қолма алатын қаржы аз болып қала ма деп қорқады. Не істеу керек?

Гүлбақыт Манабаева – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Биылғы жылы наурыз айында ережеге өзгерістер енгізілді. Егер зейнеткердің зейнетақы жарналары толық емес немесе уақытылы емес аударылған жағдайда, егер жұмыс беруші жұмыс істеп тұрса жұмыс берушіден 3/1 формасы бойынша анықтама әкелу керек. Осыған байланысты базалық зейнетақы қайта есептеледі. Егер жұмыс беруші болмаса немесе құжаттар сақталмаса, онда зейнетақы жарналарын уақытылы аудармаған жағдайда тек сот тәртібінде еңбек өтілін дәлелдеуге болады.

Шарада тұрғындарды еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің өңірлік департаменті қызметкерлерінен бөлек, әлеуметтік сақтандыру және БЖЗҚ мамандары да қабылдады. Олар петропавлдықтардың кез келген сұрақтарына жауап беріп, көмектерін көрсетті.

Гүлбақыт Манабаева – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Ашық есік күнін өткізу себебі – халық арасындағы негізгі сұрақ саналатын зейнетақы тағайындау және мүгедектікті тағайындау мәселелерін түсіндіру. Сондықтан, бүгінгі күні өздерін толғандырған сұрақтары бойынша тұрғындар келіп жатыр.

Айта кетейік, ашық есік күнін департамент биыл бірінші рет өткізіп отыр. Шара қорытындыы бойынша мамандардың кеңесін 50-ден астам қала тұрғыны алды.

Саят Ермек