Қоғам

Мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі

Жұмыспен қамту, білім, құрылыс, кәсіпкерлік бөлімдері мен банктер. Облыс орталығында тұрғындарға арналған мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 100-ден астам азамат келіп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Оқушылар сарайына ағылғандардың қарасы қалың. Араларында бірақ, балалар емес, ересектер көп. Мұнда мемлекеттік қызметтердің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Электрондық қолтаңба алып, кәсіпкерлікті бастау, несие рәсімдеп, жұмысқа орналасу туралы мағлұмат алғылары келгендердің барлығы – осында.

Елена Степаненко – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасын арттыру үшін осындай шараны өткізудеміз. Бұл жыл басынан облыс көлемінде ұйымдастырылып жатқан – 25-ші жәрмеңке. Осы аралықта теріскей тұрғындарының 3 мыңдайы электрондық қолтаңбаға ие болды. Ол не үшін керек? Үйде не жұмыста отырып мемлекеттік қызметті алу үшін ғана емес, ең бірінші кезекте жемқорлыққа жол бермеуге арналған. Мәселен, бірінші тоқсанда өңір бойынша көрсетілген қызметтердің 83 пайызы электронды түрде жүзеге асырылыпты.

8 мемлекеттік орган, бірнеше банк жүйесі мен халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының бірі де бос отырған жоқ. Жұртшылық үстелден-үстелге алма-кезек ауысуда. Шолпан Мүрсәлімова 3 бірдей сұрағымен келіпті. Оның бірі тұрғын үй жинақ банкінің өкілдерінің құзыреттілігінде.

Шолпан Мүрсәлімова – Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алғым келеді.

Мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесіне базынасын арқалап келгендер де аз болмады. Бірін – денсаулық сақтау, енді бірін қоғамдық көлік мәселесі толғандырады. Салтанат Байжанова – Береке ықшам ауданының Сенная база деп аталатын бөлігінде 10 жылдай тұрады. Автобустың мәселесі азаматтар үшін үнемі өзекті. Бұрындары бірнеше шақырымды жаяу жүріп, діттеген аялдамасына жетіп жүрсе, соңғы жылдары мұндай проблеманы ұмытқан болатын. Алайда, қыстан бері 24-ші бағыт бұл жаққа келуді қойыпты.

Салтанат Байжанова – Береке ықшам ауданының тұрғыны:

– Бұрын жол жоқ деп келмейтін, қазір жол бар. Асфальт болмаса да, тас төседі. Мен өзім Сеннойдың басында тұрамын, таспен жүріп аяқтан-аяқ қалмайды.

Айта кету қажет, мемлекеттік қызметкерлер жәрмеңкесі тек облыс пен аудан орталығында ғана емес, ірі елді мекендерде де ұйымдастырылуда. Осылайша, шара Соколовка, Келлеровка мен Тахтобродта өткізілген екен.

 

 

Эльмира Садвокасова