Бизнес және экономика

Мемлекеттік тапсырыс алу үшін индустриалдық сертификат қажет

Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуларды жүргізу ережелеріне өзгерістер енгізді. Шілденің 1-інен бастап жиһаз және жеңіл өнеркәсіппен айналысатын өндіріс ошақтары индустриалдық сертификаты болған жағдайда ғана мемлекеттік тапсырыс ала алады.

Мемлекеттен тапсырыс алғыңыз келсе, индустриалдық сертификатыңыз болуы қажет. Бұл жаңа талаптың тек жиһаз жасайтын, киім-кешек тігетін өндіріс ошақтарына қатысы бар. Өзгеріс шілденің алғашқы күнінен бастап күшіне енбек. Сертификат тек тендерлерге қатысу құқығын ғана бермейді. Оның өзге де жеңілдіктері мен оңтайлы тұстары жететін.

Олег Жугин, СҚО Кәсіпкерлер палатасының тауарлардың шығу тегін сертификаттау жөніндегі маманы:

 – Индустриалдық сертификаты бар кәсіпорындар автоматты түрде «Самрұқ-Қазына» холдингі тауарөндірушілерінің тізіміне кіреді. Егер сертификаты бар өндіріс ошағы сыртқы нарыққа шығар болса, оған өз тауарын не қызметін ілгерілету үшін жұмсаған қаржысы қайтарылады. Осы сынды жеңілдіктердің саны келешекте көбейеді. Кәсіпкерлер палатасы қазір осы мақсатта жұмыс жасап жатыр.

Сертификатты Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы береді. Қолданылу мерзімі – 3 жыл. Оны алу бәріне бірдей міндет емес. Алайда, құжат кәсіпорынның сапалы әрі талаптарға сай өнім шығаратындығын дәлелдейді. Мәселен, «BMC» компаниялар тобының Петропавлдағы тігін фабрикасы мектеп формасы, қызметтік және балалар киімдерін тігеді.

Өткен жылы кәсіпорын мемлекеттен тапсырыс алып, ақ халаттыларға арнап форма тіккен екен. Биыл да конкурсқа қатыспақ ниетте. Ал қатысу үшін енді индустриалдық сертификат керек. Сондықтан, фабрика өтініш білдіріп, тиісті тексерістердің бәрінен өткен. Құжат бірер күн ішінде қолға тиюі тиіс.

Әскер Башеев – «BMC» компаниялар тобының бас директоры:

– Әр мемлекеттік сатып алуда қойылған бағаны индустриялдық сертификат 20 пайызға түсіреді. Сонда бәсекелстік жағдайға біз жетеміз. Басқа сертификаттар ондай мүмкіншілік бермейді. Біз әжептәуір өнімді шығарамыз. Сол өнімді өткеізу үшін бізге осындай сертификат қажет.

Алайда, сертификаттың барлық кәсіпорындарға беріле бермейтіндігін түсіну қажет. Оны алу үшін екі кезеңдік тексерістен өту керек. Алдымен іске тәуелсіз сарапшы кіріседі, кейін тексерісті кәсіпкерлер палатасының өкілі жүргізеді. Өндіріс ошағының жағдайы, тиісті лицензиялардың бар-жоғы, салықтық есеп-қисаптар мен қауіпсіздік техникасының сақталуы – бәрі жіті тексеріледі. Сертификат алуға өтінішті doc24.kz сайты арқылы беруге болады. Құжаттарды да электрондық форматта осы портал арқылы жіберу қажет. Толық ақпарды аймақтық кәсіпкерлер палатасы береді.

Саят Ермек