Мәдениет

Бейнелеу өнері музейінде ерекше көрме өтуде

Бүгін бейнелеу өнері музейінде Юрий Домбровскийдің сипаттамасы жазылған ерекше суреттер көрмесі ашылды. Бұл бірегей шарада 8 стенд назарға ұсынылған. Олардың барлығында картинаның сипаттамасын оқып, шығармашыл тұлғаның түпкі ойын түсінуге болады.

Юрий Домбровский – ресейлік жазушы. Ол қазақстандық танымал суретшілердің туындыларына сипаттама жазған. Яғни, картинадан көргенін, алған әсерін қағазға қарапайым сөзбен түсірген екен. Бүгін сол жазбалар теріскейліктерге ұсынылып отыр. Бізге дейін мұндай шара оңтүстік астанамызда өтіпті.

Ольга Скальчук – Ресей Ғылым және мәдениет орталығының мәдени бағдарламалар үйлестірушісі, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Биыл Юрий Домбровскийдің 110 жылдығы аталып өтіледі. Осыған орай бүгін сіздердің қалаларыңызда жазушының картиналарға жазған сипаттамалар көрмесін ұйымдастырып жатырмыз. Мұндай шара бір жұма бұрын Алматы қаласында болды. Оған қоса ол жерде Юрий Осиповичке арналған шығармашылық кеш те ұйымдастырылды.

Жалпы, көрмеде Юрий Домбровскийдің қазақстандық танымал суретшілердің туындыларына арнап жазған 8 стенді орналасқан. Олардың барлығында автор еңбектерге ерекше баға беріпті.

Алексей Коропченко – Қазақстан Республикасындағы РФ Елшілігінің кеңесшісі:

– Бұл бірегей көрме. Себебі, бұл жерде бейнелеу өнері мен қоса әдебиетке деген қызығушылық туындайды. Сол себепті, қала тұрғындары мен өскелең ұрпақты осындай қызықты көрмені тамашалауға шақырамыз.

Көрме қала тұрғындарына ұнады. Мәселен, Валентина Махиня
суреттер мен қоса жазушының сипаттамалары да көңілінен шыққанын айтады.

Валентина Махиня – қала тұрғыны:

– Көрме өте ұнады. Көптеген Қазақстандық суретшілердің туындыларымен таныстым. Домбровскийдің сипаттамаларын да оқып, мол әсер алдым. Осындай көрмелер жиі өтіп тұрсын.

Айта кетейік, бейнелеу өнері мұражайындағы көрме бір айға жалғаспақ.

Ешкенова Дана