Қайырымдылық

“Арыс балалары” акциясы бастау алды

Арыс шаһарында орын алған жарылыстың салдарынан қаншама отбасы панасыз қалды. Бұл жанұялардың балаларына жәрдем беру ниетімен өңірде бүгін қайырымдылық акциясы бастау алды. Ол – “Арыс балалары” деп аталады. Игі шара солтүстікқазақстандық ассамблея жанындағы аналар кеңесінің мұрындық болуымен өткізілуде. Акция республикалық статусқа ие.

Арыстағы жағдай ешкімді бейжай қалдырмады. Ағымдағы аптада Солтүстік Қазақстан гуманитарлық көмектің алғашқы керуенін Түркістан облысына жөнелткен еді. Ал өңірлік аналар кеңесінің басты уайымы – балалар. Жазықсыз бүлдіршіндер еш нәрсеге мұқтаж болмауы керек дейді олар.

Күлімкөз Смайылова – облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы:

– Бір жағынан, әрине, материалдық көмек көрсету керек, ал екінші жағынан аналардың мейірімді жүрегімен осы балалардың тілеуін тілеп, қуаныш сыйлауға тиіспіз деп ойлаймыз. Арыстың балаларына жақсы бір сыйлық жасаудан үмітіміз бар. Кейін Арыстың балалары біздің облысымыздағы сауықтандыру лагерлерінде дем алады. Сонда оларға дастархан жайып, балалар мерекесін жасамақшымыз.

Мұнда балақайларға қажеттінің бәрі бар. Түрлі ойыншықтар, киім-кешек, жөргектер мен тәтті-жұмсақты аналар кеңесімен бірге қала мектептері мен бизнесмендер де жинаған. Ал оқушылар қыркүйектің бірі алаңсыз мектепке барсын деп кеңсе тауарлары көптеп алыныпты. Жергілікті тігін фабрикаларының бірі болса мектеп формасын әкелген.

Людмила Климова – “Sens Fashion” өндірістік компаниясының менеджері:

 – Мектеп формасының 14 жинағын әкелдік. 7-еуі – ұлдарға, ал қалған 7-еуі қыз балаларға арналған. Мұнда белдемшелер, сарафандар, шалбарлар мен желеттер бар. Балаларымыз еш нәрсеге алаңдамай, білім алса деген ниет бұл.

Айта кетейін, “Арыс балалары” – бұл жалпыреспубликалық акция. Оны ұйымдастыруды әр облыстағы аналар кеңесі өз мойнына алған. Балаларға қажетті дүниелер бір ай бойы күллі Қазақстан бойынша жиналады. Бір ай бойы көмек жүйелі түрде арыстағы балақайларға жөнелтіліп тұрады.

Саят Ермек