Аптадағы маңызды жаңалықтар

28 маусым – БАҚ қызметкерлері күні

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күн! Мерекеге орай солтүстікқазақстандық БАҚ өкілдерін облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады. Салтанатты шарада өңір жетекшісі 50-ге тарта маманға түрлі дәрежедегі марапат табыстады. Бұл кеште көппен бірге Муниципалдық телеарнаның шеф-редакторы Халия Жулдаспаева мен тілшіміз Байболат Бектемірұлы да қошеметке бөленді.

Әдетте БАҚ өкілдерін түсірілім алаңдарында, түрлі жиындарда кезіктіреміз. Ал бүгін сала қызметкерлерін мейрамханада жолықтырдық. Жұмыс барысымен емес. Мұнда әріптестеріміз өздерінің төл мерекелері қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен жүздеспек. Көпке созылмай салтанатты шара да басталды. Ортаға өңір жетекшісі шығып, жиылған жұртшылықты мейраммен құттықтады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Баршаларыңызды келіп жеткен мерекемен құттықтаймын. Сіздер жасап жатқан жұмыс жауапты, күрделі. Қоғамдық пікір қалыптастыру – салмақты міндет. Бірақ, бұл істі сіздер абыроймен атқарып жүрсіздер. Материалдарыңыздың қызықты болуы үшін көп тер төгесіздер. Оны жақсы білеміз. Сол үшін жеке өзімнің атымнан БАҚ өкілдеріне зор алғыс білдіремін.

Құттықтау сөзден соң, Құмар Ақсақалов бірқатар маманға түрлі дәрежедегі марапат табыстады. Алдымен ел Президентінің Алғыс хатын “Қазақстан” телерадиокорпорациясы облыстық филиалының директоры Ерлан Тоқшылық пен «Soltústik Qazaqstan» газеті басшысының орынбасары Роза Шәкеноваға берді.

Кеште Муниципалды телеарнаның өкілдері де құрметке бөленді. Арнамыздың шеф-редакторы Халия Жулдаспаева облыс әкімінің қолынан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен жолданған “Еңбек ардагері” медалін алды.

Халия Жулдаспаева – МТРА шеф-редакторы:

– Мен телевизияда 21 жыл бойы еңбек етемін. Өзіме дәл осы салада жұмыс істеген ұнайды. Бұл қызметте қызығы да, қиындығы да болады. Сонысымен ерекше. Жалпы, журналистиканың қыры көп. Тілші жұмыс барысында дәрігермен, экономистпен, агроном және тағы басқасымен жүздеседі. Олардан сұхбат алады, ақпарат жинау үшін зерттеу жүргізеді деуге болады. Өзім осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін.

Ал әріптесіміз Байболат Бектемірұлына облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың алғыс хаты бұйырды.

Байболат арна табалдырығын алғаш осыдан 4 жыл бұрын аттаған болатын. Бүгінде арнамыздың тілшісі әрі дикторы. Жас маман мұндай марапат ары қарай еңбектенуге серпін береді дейді.

Байболат Бектемірұлы – МТРА тілшісі:

– Бұл менің 4 жылдық еңбегімнің жемісі деп білемін. Жалғыз менің ғана емес, ұжымымның марапаты. Мұндай марапаттар жастарға үлкен мотивация береді. Әрі қарай еңбектенуге, ізденуге жол ашады.

Жалпы, салтанатты шарада бұқаралық ақпарат құралдарының 50-ге жуық қызметкері марапатталды.

Култанов Байболат