Балалар

Табиғат аясындағы демалыс

Интернетсіз  табиғат аясындағы қызықты демалыс. Петропавлда балалар мен жасөспірімдердің туристік слеті өтуде. Шараға 50-ге жуық ұл-қыз қатысуда.

Жазғы демалыстарын бұл жасөспірімдер әсте төрт қабырғада өткізіп жатқан жоқ. Осымен екінші күн олар шатырда түнеп, өздері тамақ әзірлеуде. Қазір ұл-қыздар бірлесе түскі астарын дайындап жатыр.

Анастасия Богданова – туристік слет қатысушысы:

– Табиғат аясында тамақ пісірген жақсы екен. Көңіліміз көтеріңкі. Тамақ пісіре отырып, сөйлесеміз, қалжыңдасамыз. Бүгін шатырда түнеп шықтық, бірақ аса жаураған жоқпыз.

Орман ішінде кәдімгі кэмпинг құрылған. Интернет мұнда жоқ, смартфондар – сөмкеде. Яғни, тілдесу тіпті виртуалдық емес, көзбе-көз. Мұндағылардың көбі туғаннан шаһарда тұрады, сондықтан тынығудың мұндай түрі оларға таңсық. Алайда, мұның барлығы бәріне ұнап жатқан сияқты.

Балалар мұнда нағыз туристер сияқты тынығуда. Өзара сынға да түсіп үлгеріп жатыр. Мақсат – күрделі кедергілер жолағынан өту. Алдымен, команда ағаштар мен бұталарды кезеді. Тапсырманы зембілде жатқан жаралы жолдас қиындатты. Тағы бір бөгет – тербеліп тұрған бөрене. Оның бойымен құламай жүріп өту шарт.

Саят Ермек – тілші:

– Костюм, әсте, туристің киімі емес. Мұндағы кедергілердің қызықтығы соншалық, байқап көрмеу мүмкін емес. Сырт көзге қарағанда, бөрененің үстімен жүріп өту оңай көрінгенімен, шын мәнісінде, аса күрделі. Себебі, ол теңселеді. Мұнда, ең бастысы, тепе-теңдікті жоғалтып алмау. Өйтпесе, құлап түсу әп-сәттік дүние.

Дегенмен, ұл-қыздар бұл кедергіні сәтті еңсерді. Бөгеттердің жалпы саны – 8. Жылдамдықты да назарсыз қалдырмау қажет. Өйткені, барлығы уақытқа байланысты.

Илья Степаненко – туристік слет қатысушысы:

– Әсіресе, бұталардың арасымен жүру қиынға соқты. Жеңістен үміттіміз. Бірінші рет осылай демалудамын. Алып жатқан әсерім керемет. Жаңа достар да таптым.

Бұл шақта волейболдан турнир өтіп жатыр. Бірақ, дәстүрлі емес, ерекше. Қос құрамаластың аяқтары бір-біріне байланған. Бастысы – өзара түсініспеншілік пен бірлік. Туристік слетке балалар мен жәсөспірімдердің 7 петропавлдық клубы қатысуда. Табиғат аясында олар үш күн болады.

Ольга Торопова – қалалық балалар мен жасөспірімдердің мектептен тыс жұмыс орталығы директорының орынбасары:

– Әр клуб – жеке команда. Кеше олар фотобағдарлаудан жарысты, викторина сұрақтарына жауап берді, сурет салды. Бүгін, өздеріңіз көргендей, кедергілер жоланынан өтіп, волейбол ойнады. Тағы бүгін тамақ дайындаудан және гитарамен ән айтудан байқау өтеді. Ал ертең капитандар сайысын өткіземіз. Осымен бағдарлама тәмамдалады.

Бұл – туристік слет қатысушыларының тек бірінші легі. Тағы 50-ге жуық жасөспірім мұнда шілденің 1-і келеді, ал 3-іне дейін демалады, өзара жарысады.

Саят Ермек