Спорт

Шаһарда республикалық «Қызылжар-2019» велошеруі өтті

Кәсіби велошабандоздар мен әуесқой спортшылар. Бүгін қаланың орталық алаңында жаппай велошеру бастау алып, жиналған қауым 7 шақырымдай жолды жүріп өтті. Ал мәре басында  осыған дейін 15 пен 16 жастағы ұл-қыздар арасында 5 күн бойы өткен республикалық веложарыстың нәтижесі белгілі болды.

Алдымен шараға жиналған қауымды облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев «Қызылжар-2019» велошеруінің басталуымен құттықтады. Кейін, 200-ге жуық шабандоз бен әуесқой спортшылар сөре сызығына жақындап, шеруді бастады.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– 19- Жыл сайын бұл шараға өңірдің үздік спортшылары жиналады. Былтыр көшті Александр Винокуровтың өзі бастаған болатын. Бірақ, биыл шетелде кезекті жарысқа дайындалып жатқандықтан, бүгінгі шараға қатыса алмады. Негізі, велошеру өткізудің мақсаты тұрғындар арасында спортқа деген қызығушылықты арттыру болып табылады.

Жамбыл Жабаев, Ярослав Гашек, Нұрсұлтан Назарбаев. Осы көшелермен жүріп өткен спортшылар мәре сызығын орталық алаңда кесті. Мұнда осымен 7-ші рет ұйымдастырлып отырған республикалық көпкүндік сайыстың қорытындысы мәлім болып, жеңімпаздар марапатталды. Сонымен қатар, көзге түскен қатысушыларға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Солардың бірі – «Белсенді қатысушы» атанған Данил Генне.

Данил Генне – велошабандоз, СҚО:

– Бұл жарыс қиынға соқты. Жеке есепте мен мәреге 12-ші болып жеттім. Қарсыластарымыз көп әрі мықты болды. Бірақ, командалық сайыста үздік нәтиже көрсеттік.

Жалпы, республикалық көпкүндік жарыстың қорытындысы бойынша теріскейлік құрама үздік атанды. 2-ші орынды Нұр-Сұлтан қаласының спортшылары иеленсе, Батыс Қазақстанның шабандоздары 3-ші орынды қанағат тұтты.

Актолкын Солтанханкызы