Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІV сессиясы өтті

Бүгін облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының 24-ші сессиясы өтті. Алқалы жиында өңірімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдері бас қосты. Олар еліміздегі татулық, тұрақтылық төңірегінде әңгіме қозғады. Сонымен қатар, бірқатар маманның еңбегі еленіп, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының 24-сессиясы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалық етуімен өтті. Жиын басында өңір жетекшісі еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет тұтқасын ұстаған жылдары атқарған нәтижелі жұмыстарын еске сала кетті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Биыл Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Қазақстанды басқарғанына 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде Елбасы ортақ ордамыз – Қазақстанның босағасы берік, шаңырағы биік, дүниежүзіне танылған ел атануына ерекше еңбек сіңірді. Оны бірлігі мен ынтымағы жарасқан сан ұлттың қарым-қатынасынан байқауға болады.

Оған қоса өңір басшысы Арыста орын алған оқыс оқиғаға бейжай қарамай, өз көмегін аямаған теріскейліктерге ризашылығын білдірді. Қиындық туғанда көмек қолын созып, барын аямаған жандар алғысқа лайық деп атап өтті.

Қазақстан – бірнеше ұлтты өз құшағына сыйдырған ел. Бұл мекенді тұрақтаған әр азаматтың құқығы тең. Кез келген жас қалаған оқу орнында білім алып, тәжірибе жинақтауына мүмкіндіктері бар.

Назим Никифоров – Vytautas Magnus университетінің докторанты:

– Қазақстан азаматы ретінде мен қай кезде де тәуелсіз елімнің үздіксіз қолдауын сезініп келемін. Еуропаның ең танымал жоғары оқу орнында оқып, мол тәжірибе жинақтауым да мемлекетіміздің арқасында мүмкін болды. Ендігі кезекте мен Отанымның көркеюіне қызмет ететін боламын. Алға қойған жоспарларым көп.

Жиын барысында дәстүрге сай төрағаның қоғамдық орынбасары ретінде Саит Байдуев сайланды.
Одан кейін қаламыздың бірқатар белді тұлғалары өңір басшысының құрмет грамотасы мен алғыс хатын иеленді.

Маржан Касымбек