Спорт

БАҚ өкілдері мен судьялар арасында боулингтен турнир өткізілді

28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары мамандарының кәсіби мерекесі. Осыған орай “Боулинг” ойын-сауық орталығында қалам мен микрофонды серік еткен қауыммен облыстық сот қызметкерлері бас қосты.

Өзара сайысқа түскен төртінші билік өкілдері мен судьялар 3 құрамаға бөлініп, тартысқа толы ойын көрсетті.

Жасыл жейде киген команда құрамында Муниципалдық теларнаның шеф-редакторы Халия Жулдаспаева, “Хабар” арнасының операторы мен «Хабар 24»-тің меншікті тілшілері бар. Айдарбек Балғабеков былтыр осы сайыста үздік нәтиже көрсетіп “Мистер боулинг” номинациясын ұтып алған екен. Алайда, бүгін асығы алшысынан түспей, бұл нәтижені қайталай алмады.

Айдарбек Балғабеков, «Хабар 24» арнасының меншікті тілшісі:

– Бұл – енді игі дәстүрге айналған достық ойын. Жыл сайын осы өзіміздің кәсіби мерекеміздің қарсаңында облыс судьяларымен боулинг ойнап, осылай уақыт өткіземіз. Өте қуаныштымыз. Жыл сайын бәсеке артып келе жатыр, ойыншылар да «Миссис» және «Мистер боулинг” атану үшін таласады.

Ал бұл топта судьялар өз өнерлерін көрсетіп жатыр. Ақ жейде киген сот қызметкерлері барлық кеглиді алғашқы мүмкіндікте-ақ құлатып, қарсыластарынан оқ бойы озып шығуда.

Айдар Смағұлов, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

– Мен бүгін БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді. Бәріміз білеміз, бізде журналистер – төртінші билік өкілдері. Жұмыстары оңай емес. Оларға жұмыстарының табысты әрі жемісті болуын тілеймін.

Ал қызыл қоңыр түсті жейде кигендер – «Адреналин» құрамасы. «Первый Северный»телеарнасы, «Soltústik Qazaqstan» және «Экспресс К» газеттерінің тілшілерінен құралған топ қарсыластарынан қалысар емес. Олар да жеңіске жету үшін барларын салып жатыр.

Ербақыт Амантай, «Soltústik Qazaqstan» газетінің бас редакторы :

– Бүгінгі ойын өте сәтті өтіп жатыр. Бұл ойыннан біз әрқайсысымыз бір ерекше эмоция, адреналин аламыз деген мақсатпен топты “Адреналин” деп қойдық. Болулингті көп ойнай бермейміз. Дегенмен, бұл спорт түріне өзіміздің ебіміз бар екенін көрсетіп жақсы ойын көрсетіп жатырмыз. Қарсыластарға сәттілікғ өзімізге жеңіс тілеймін. Әріптестерімді кәсіби мерелерімен құттықтаймын.

Екі сағатқа созылған жарыстың қорытындысы да белгілі болды. Нәтижесінде сот қызметкерлері үздік атанды. Екінші орынды “Адреналин” құрамасы иеленсе, “Ваша честь” командасы 3-ші орынға тұрақтады.

Актолкын Солтанханкызы