Мәдениет

Теріскейлік бишілер жүлдемен оралды

Төрт – 2-ші және алты бірдей 1-ші орын алып келген. Жергілікті “Арабеск” ансамблінің бишілері  “Viva Astana” халықаралық байқауынан қоржындарын майлап қайтты. Мың бұралған өнерлі жастардың сайысына Қазақстан, Қырғызстан мен Ресейден 80-ге жуық ұжым қатысқан екен.

Дәл қазір Петропавл станциясына “Қызылорда-Петропавл” бағытындағы поезд келіп тоқтады. Вагоннан мойындарына медаль таққан, қолдарына диплом мен кубоктарын ұстаған «Арабеск» ансамблінің бишілері түсіп жатыр. Жеңімпаздарды туған-туыстары зор қошеметпен қарсы алып, гүл шоқтарын табыстауда.

Татьяна Кравченко – “Арабеск” би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– «Viva Astana» халықаралық байқауында өнер көрсеткенімізге өте қуаныштымыз. Біздің ансамбльден бұл байқауға екі топ қатысқан болатын. Біріншісі – ересектерден, ал екіншісі 10-12 жастағы ұл-қыздардан құралған. Негізі, біз 10 жүлдеге ие болдық. Оның 4-уі – 2-ші және 6-уы – 1-ші орын.

Жалпы, халықаралық байқау маусымның 23-ші Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын. Киелі сахнада Қазақстанның әр облысынан және көрші Ресей мен Қырғызстаннан келген үздік деген ұжымдар өнер көрсетті. Біздің облыстың намысын «Арабеск» би ансамблінің 40-қа жуық бишісі қорғады. Жерлестеріміз барлығы 10 туынды дайындап барған екен. Солардың бірі – “Мамыр айы” биі. Бұл шығармашылық нөмір өте әсерлі. Оған қоса елордалық көрермендердің көңілінен шыққан билердің бірі дейді өнер ұжымының мүшесі Карина Неживых.

Карина Неживых – “Арабеск” би ансамблінің бишісі:

– Би билеуді кішкентай кезімнен жақсы көремін. Ал “Арабеск” ансамблінде 2 жыл өнер көрсетіп жүрмін. Бұған дейін де ұжыммен “Күншуақ” байқауына қатысып, жүлдеге ие болғанбыз. Мына фестивальде жас ерекшелігімізге қарай 3 бірдей шығармашылық нөмір көрсеттік. Әрине, үлкен сахнаның ар жағында тұрғанда қобалжу болды. Бірақ, оның бойды билеп алуына жол бермей, жеңіске жетуге барынша тырыстық.

“Арабеск” би ансамблінің құрылғанына биыл 16 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында көптеген аймақаралық және халықаралық байқауларда алдыңғы қатарлардан көріне білген.
Бүгінде ұжымның құрамында 160-тан астам биші бар. Олар жас ерекшеліктері бойынша 7 топқа бөлінген.
9 жастағы Савели Перевезенцев Брейк-данс билейді. Ол “Viva Astana” байқауында “Өткеннен сәлем” атты биін орындап, үздік атанған.

Савелий Перевезенцев – “Арабеск” би ансамблінің бишісі:

– Мен Нұр-Сұлтан қаласында бірінші рет болдым. Өте ұнады. Біз өнер көрсеткен сахна да өте үлкен әрі әдемі екен. Би билегенді жаным сүйеді. Келешекте роботтың іс-қимылдары мен хип-хопты меңгергім келеді. Сөйтіп, өнерімді басқа да қалаларда паш еткенді қалаймын.

Айта кетейік, халықаралық фестивальде 80-ге жуық би ұжымы сайысқа түскен екен. Соның арасынан алға суырылып шығу оңай емес. Ал гала-концертте тек 4-ақ ұжым өнер көрсетіпті. Қатарында біздің дарынды жерлестеріміз де бар.

Дана Ешкенова