Құқық қорғау органдары

Табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 117 фактісі тіркелді

Өңірде “Браконьер” жедел-алдын алу шарасы аяқталды. Тәртіп сақшылары бірнеше күн көлемінде аймақтағ/ табиғатты қорғау заңнамасын бұзған тұлғаларды құрықтаған.

Құқықбұзушылықтардың бірі М.Жұмабаев ауданында тіркелген. Булаев қаласының 32 жастағы тұрғыны заңсыз отын дайындамақ болған. Ол Медвежка селосының маңындағы тоғайдан рұқсатсыз өзіне 304 аққайың мен 47 көктерек кесіп алған екен. Осылайша, мемлекетке 270 мың теңге көлемінде шығын келтірген. Енді ер адам 40 тәулікке қамауға алынады  не болмаса 400 мың теңгедей айыппұл төлейді. Одан бөлек, материалдық зардаптың орнын толтыруға міндеттелуде. Мұндай жаза Қостанай облысының екі тұрғынына қатысты да қолданылмақ. Олар Тимирязев ауданында заңсыз балық аулау кезінде құрықталған. Браконьерлер 300 келі шортан, мөңке мен алабұғаға қармақ салыпты.

Сергей Липко – СҚО ПД табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы:

– СҚО аумағында маусымның 20-сы мен 24-і аралығында “Браконьер” жедел-алдын алу шарасы өтті. Осы аралықта табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 117 фактісі тіркелді. Әкімшілік жауапқа 27 адам тартылады. Олар өңірдегі өзен-көлдердегі тіршілік иелеріне заңсыз қармақ салған. Бұл ретте балықтарды аулауға қазір тыйым бар екендігін еске саламыз. Тағы екі қылмыстық іс қозғалды. Оның бірі Тайынша ауданындағы жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланған азаматқа қатысты. Тұлға ҚР ҚК 334-бабы, 1-ші тармағы бойынша жазаланбақ.

Эльмира Садвокасова