Әр түрлі

Мемлекеттік грант үкіметтік емес ұйымдар үшін

Мемлекеттік грант үкіметтік емес ұйымдар үшін. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы оларға арнап биылғы жылы екінші рет байқау жариялап отыр. Осылайша еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар қайтарымсыз қаражат ұтып алу мүмкіндігіне ие. Бұл ақшаға олар өз идеяларын жүзеге асыра алады.

Құжаттар шілденің 1-іне дейін қабылданады. Өтінішті қалай дұрыс рәсімдеу керек? Осыны түсіндіру үшін бүгін Петропавлда облыстағы ұйымдардың жетекшілеріне арналған семинар өтті. Негізі, конкурс екі кезеңге бөлінген. Алдымен өтініштерді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қарастырады, кейін іске қоғам белсенділері мен сарапшылардан құралған тәуелсіз комиссия кіріседі. Олар гранттан үмітті жобалардың ішінен ең тиімділерін іріктейді. Ал қаржыны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бөледі. Осы және өзге де қағидалар бүгін жетекшілерге жіті түсіндірілді. Алайда, мемлекеттен қаржы алып, өз жобаларын жүзеге асыруға мұндай ұйымдар аса құлық танытып отырған жоқ. Бір ғана Солтүстік Қазақстанда бүгінде 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген екен. Олардың 30 шақтысы ғана белсенді жұмыс істейді.

Сәуле Сүлейменова – “СҚО Азаматтық Альянсы” Қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы:

– Үкіметтік емес ұйымдар белсенді болулары тиіс. Олар түрлі қоғамдық түйткілдерді шешу жолында жұмыс істеулері керек. Ал мемлекет осындай гранттарды бөле отырып, оларға қаржылай қолдау көрсетуде. Алайда, бұл мүмкіндікті пайдаланғысы келетіндер бірен-сараң. Мемлекеттік гранттан үмітті жетекшілердің шілденің 1-іне дейін уақыттары бар. Тиісті құжаттарды қағаз жүзінде де, электрондық форматта да ұсынуға болады. Ең бастысы – жобаның мақсаты ұйымның миссиясына сәйкес келуі керек. Өйтпесе, ол конкурстан шеттетіледі.

Саят Ермек