МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы

Қолда бар мүмкіндікті өз қара басы үшін қолданған. Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты Дружба селолық округінің әкіміне қатысты мәселе қаралды. Мемлекеттік қызметші өзінің және ағасының меншігіне 205 га жерді рәсімдеп алған. Сондай-ақ, азамат жергілікті ферма шаруашылығын басқару ісіне де атсалысыпты.

Бұл әдеп жөніндегі кеңес тарихындағы ең қысқа жиын болды. Күн тәртібіне бар-жоғы екі сұрақ шығарылған. Біріншісі – облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасындағы «Е-қызмет» жүйесінің жұмысы жайлы. Шаруаның атқарылу деңгейі көңіл көншітпейтін көрінеді.

Владимир Балахонцев – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– «Е-қызмет» жүйесі басқармамызға 2015 жылы енгізілді. Жұмыс барлық талаптарға сай жүргізілді. Шаруаның басы-қасында жүретін арнайы адамды да оқыттық. Бірақ, маман алдымен еңбек демалысына, кейін декретке шықты. Оның міндетін басқа қызметкерімізге артып едік, ол жұмысты толық деңгейде орындай алмады. Біз өз тарапымыздан тиісті шара қолдандық, қазір жүйе бұрынғыша істеп келеді.

Отырысқа қатысушылар шаруаға қарқын қосу қажеттігін атап өтті. Қажет болса жүйенің жұмысына жауапты болатын маманды да оқыту керек. Келесі мәселе – әдеп жөніндегі кеңесте бірнеше мәрте көтерілген Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты Дружба селолық округінің әкімі Муланур Ғабдуловқа қатысты. Сауалдың қарастырылуы әрдайым кейінге қалдырылып келген. Себебі, мемлекеттік қызметші түрлі себептермен жиынға келуге құлық танытпапты. Бұл жолы да отырыс аталған азаматтың қатысуынсыз өтуде.

Эргаш Кәрімов – Ғ.Мүсірепов ауданының прокуроры:

–  Дружба селолық округінің әкімі жергілікті «Мадина» ферма шаруашылығын басқаруға қатысқан. Агроқұрылымға Муланур Ғабдулов пен оның ағасы иелік етеді екен. Соңғысы мемлекеттік қызметшіге заңды түрде ферма шаруашылығының жұмысын жүргізіп, оның мүддесін қорғауға рұқсат беріпті. Бұған қарастырылған іске тігілген нотариалды құжаттың көшірмесі дәлел. Сондай-ақ, 2017 жылы ол әділет органдары арқылы өзіне және ағасының меншігіне 205 га жерді рәсімдеген. Бірақ, оны сенімді басқаруға өткізген жоқ.

Муланур Ғабдулов мемлекеттік қызметте 2004-жылдан бері жұмыс істеп келеді. Еңбек өтілі аз болмағанымен, қарапайым ережелерден хабарсыз көрінеді. Осылайша азамат әдеп кодексін бұзып, «ҚР мемлекеттік қызметі» туралы заңның ала жібін аттаған. Білдей бір селолық округті басқарып отырып осындай олқылыққа жол берген әкімге қатысты  әдеп жөніндегі кеңес мүшелері лауазымынан босату туралы ұсыныс жасады.

Эльмира Садвокасова