Ауа райы

3 ауданда ауа райы мінезін көрсетті

Күшті дауыл, қатты нөсер мен бұршақ. Теріскей аумағында кеше ауа райы күрт бұзылды. Әсіресе, өңірдің үш ауданында табиғат қаһарын танытты. Ұйтқы жел мен жауын-шашын біраз материалдық шығын келтірді, жерлестеріміз дін аман.

Аспаннан жұмыртқа жауды ма дерсің? Бұл видео маусымның 25-і Шал ақын ауданының орталығы Сергеевкада түсірілген. Желіде осы сынды материалдар жететін. Диаметрі бірнеше сантиметр болатын бұршақ Мамлют пен Жамбыл аудандарында да жауған. Ол ол ма, нөсер мен екіпіні күшті жел де осы үш ауданның тұрғындарын әбден әбігерге салды кеше. Мәселен, дүлей дауыл үйлердің шатырларын ұшырды, ағаштарды құлатты, электр желілерін үзді.

Асқар Исмагулов, СҚО ТЖД басқармасының жедел кезекшісі:

– Жамбыл ауданындағы “КАЗАХАВТОДОР” ғимараты мен үш жер үйдің шатырын жел ұшырып әкетті. Пресновка ауылында баспанаға ағаш құлады. Мамлют ауданына қарасты Меңкесер ауылындағы дүкеннің және “Мамбетов и К” серіктестігі аумағындағы отын қойманың да шатыры ұшты.

Мұндай фактілер жетерлік. Абырой болғанда, бірде-бір жерлесіміз жапа шекпеді, жазым болмады. Зардап тек материалдық. Синоптиктердің айтуынша, бұл – Ресейдің еуропалық бөлігінен келген циклонның әсері. Ол әлі де өңір аумағында. Сондықтан, алдағы екі күнде кешегі құбылыстардың қайталануы әбден мүмкін. Қазгидромет пен құтқарушылар дауылдық ескерту жариялап отыр.

Гүлзат Ғазизова, “Қазгидромет” РММ СҚОФ метеоболжам бөлімінің басшысы:

– Кей жерлерде жаңбыр мен нөсер жауып, тұман түсіп, дауыл тұрады. Солтүстік пен солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы түнде +7-12 градусқа дейін төмендейді. Ал күндіз сынап бағанасы +15-20 градусты көрсетеді деп болжануда.

Сақтықта қорлық жоқ дейді. Сондықтан, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары абай болуды ескертеді. Яғни күн райы кешегідей бұзыла қалса, себепсіз үйден шығудың қажеті жоқ. Ал көшеде жүргендерге жағдай орныққанша қауіпсіз жерді паналай тұрғаны абзал. Балалар мен қарттарды да қараусыз қалдырмау керек.

Саят Ермек