МТРА жаңалықтары

МТРА жаңа жарнамалық акция ұсынып отыр

“Жарнама үшін қанша қаласаң, сонша төле”. Шілденің 1-інен бастап Муниципалдық телеарна осындай акцияға бастау береді. Бір ай бойы жергілікті кәсіпкерлердің өз жарнамасын арна эфиріне арзанға шығару мүмкіндігі болады.

Саят Ермек – тілші:

– Телевизиядағы жарнама ешқашан өз маңыздылығын жоғалтқан емес. Мәселен, МТРА-да тауарды не қызметті жұртшылыққа тиімді таныстыру мүмкіндігі бар. Себебі, бізді теріскей жұрты көреді. Ал келесі айдан бастап арнамыз жергілікті кәсіпкерлерге жарнаманың жаңа әрі тиімді шарттарын ұсынып отыр.

“Жарнама үшін қанша қаласаң, сонша төле”. Шілденің 1-інен бастап МТРА-да осындай атаумен акция бастау алмақ.

Евгений Сазанов – МТРА директоры:

– Оның аясында жергілікті кәсіпкерлер өз жарнамаларын біздің арна эфиріне арзанға шығара алады. Яғни, тапсырыс берушінің қанша ақша төлеймін десе де өз еркі. Әр клиентпен біз жеке жұмыс істейтін боламыз.

Осылайша, іскер азамат ақшасын үнемдейді, ал оның жарнамасын күллі облыс тұрғындары көреді. Акция тура 30 күнге, яғни шілденің 31-іне дейін жалғаспақ. Арна директорының сөзінше, бұл – солтүстікқазақстандық тауарөндірушілерді қолдауға бағытталып отырған шара.

Евгений Сазанов – МТРА директоры:

– Бұл акцияға тек солтүстікқазақстандық тауарөндірушілер мен кәсіпкерлер қатыса алады. Осылайша, оларға өз өнімдері мен қызметтерін нарықта ілгерілетуге қолдау көрсеткіміз келеді. Тағы ел Президенті мен облыс әкімінің әлеуметтік бастамаларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді деген ойдамыз.

Акция жайлы толығырақ ақпаратты 46-13-70 нөміріне хабарласып немесе Васильев көшесі, 69 мекенжайындағы арна редакциясына жолығып, білуге болады.

Саят Ермек