Бизнес және экономика

Мемлекеттік бағдарламаның 3-ші кезеңі

Келер жылы елімізде “Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының” 3-ші кезеңі бастау алады. Қолға алынғалы отырған жанашылдық аясында экспортқа көп көңіл бөлінбекші. Тағы, кәсіпкерлерге берілетін мемлекеттік ақшаның тиімді игерілуі де қатаң бақыланатын болады.

Елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 3 кезеңі әзірленді. Жоба тамыз айына дейін мемлекеттік органдарға таныстырылмақ. Ал күзде депутаттардың талқылауына шығарылады. Сөйтіп, желтоқсанда Үкіметте бекітілетін болады. Жаңашылдық аясында экспортқа көп көңіл бөлінбекші. Яғни, отандық кәсіпкерлердің тауарларын шекара асыру кезінде жоғары деңгейлі көмек көрсетілгелі отыр.

Тұрар Жолмағамбетов – “Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы” АҚ басқарма төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы:

–  Бағдарламаның басты мақсаты – елімізден шығатын шикізаттан мүмкіндігінше дайын өнім шығару. Сонымен қатар, бұл өнімді шетелдік нарыққа жеткізу. Бағдарламаның философиясы сол.

Жаңашылдықтың алдыңғы кезеңдерден тағы қандай айырмашылы бар? 3 кезеңде бизнесмендерге еңбек өнімділігін арттыру үшін ақшалай қолдау да танытылады. Қаржы берерде “Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы” АҚ іскер жандармен келісімге келмек. Сол құжат аясында кәсіпорынның өндірісі ұдайы бақылауда болады. Егер де тексеріс кезінде өнім көлемінің артпағаны, шығынның қысқармағаны анықталса тиісті шаралар қолданылады. Мұнын бәрін теріскейлік тауар өндірушілерге Тұрар Жолмағамбетов жіті түсіндіріп берді.

Тұрар Жолмағамбетов – “Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы” АҚ басқарма төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Егер де кәсіпорын қолдау шараларын ала тұра, келісімде көрсетілген көрсеткіштерді орындамайтын болса, онда ақшаны мемлекетке қайтарудың механизмі қарастырылатын болады. Яғни, мемлекеттен бөлінетін әрбір теңгенің сұрауы қаттырақ болады.

Тағы, жиында “Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы” АҚ орталық директорының орынбасары Айнұр Байқадамова да сөз алды. Ол жергілікті кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін өзге де қолдау шараларын әңгімеледі. Айта кетейік, “Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының” 3-ші кезеңі 2020 және 2025 жылдарға арналған.

Байболат Култанов