Спорт

Кикбоксшылар жүлделі оралды

Теріскейлік кикбоксшылар үздік атанды. Жамбыл облысында жалауын көтерген республикалық чемпионатта өңір қоржыны 2 бірдей алтынмен толықты. Маусымның 18-і мен 22-сі аралығында өткен сайысқа еліміздің түпкір-түпкірінен 425 спортшы қатысыпты. Байрақты бәсекеде теріскей намысын 14 жас қорғаған.

Дарина Хамзинаның кикбоксингпен айналысып жүргеніне 2 жылдың жүзі толыпты. Қалалық іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанған бұрымды бұл тартыста да ұтатынына сенімді болған екен. Финалдық кездесуде қарсыласын нокдаунмен жеңіп, 1-орынды иеленіп отыр.

Дарина Хамзина, кикбоксингтен өткен республикалық чемпионаттың жеңімпазы:

– Мен 48 салмақта бокстастым. Қарсыластарым Атырау және Түркістан облысынан келген. Негізі, бокстасу қиын болды. Қарсыластарым күшті екен.

Өңір қоржынына екінші алтынды салған спортшы – Рахат Аманжол. Жаттықтырушылардың сөзінше оның 3 кездесуі де қиынға түсіпті. Дегенмен, жас кикбоксшы намысты қолдан бермей, бірінші орынды иеленген.

Сабыржан Сақтағанов, К.Сафин атындағы бокс мектебінің аға жаттықтырушысы:

-Тартыстың алғашқы күндері-ақ спортшыларымыздың басым бөлігі ұтылып қалды. Ал Рахат Аманжол, Дарина Хамзина сынды кикбоксышар үмітті ақтап, үздік атанып отыр.

Қорытындылай келе, теріскейлік кикбоскшылар командалық есепте фулл-контакт санаты бойынша 3-орынды місе тұтса, К-1 санатында 2-ші орынға тұрақтап отыр.

Актолкын Солтанханкызы