Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ерекше форматтағы кездесу

Кәсіпкерлік саласына кейінгі ұрпақты тарту, еріктілер қозғалысын дамыту, Даун синдромына шалдыққан балаларға арнап орталық ашу. Осы және өзге де түйткілді мәселелер кеше аймақ басшысының белсенді жастармен өткізген жиын барысында сөз болды. Құмар Ақсақалов әрбір ұл-қыздың бастамасын тыңдап, қолдау көрсетуге тырысатындығын жеткізді.

Батыл, креативті, болашағынан зор үміт күттіретін жастар. Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен кездесуге дәл осындай азаматтар жиылған. Олардың барлығы түрлі салада белсенділік танытып, өңірдің дамуына өз үлестерін қосуда. Бірақ, бұл шарада олардың жұмыстарының нәтижелері емес, алдағы уақытта жүзеге асырғысы келетін шаруалары сөз болмақ. Рүстем Башаров – жас кәсіпкер. “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы арқылы өз ісін ашқан ол бүлдіршіндерге арналған кереуеттерді жасаумен айналысады. Табыскер азамат өңір жетекшісіне өзінің екі бірдей тұшымды идеясын жеткізді.

Рүстем Башаров – жас кәсіпкер:

–  Өңірде еліміздің мықты кәсіпкерлерінің қатысуымен жастарға арналған бизнес-форум өткізсек деймін. Іскер азаматтар өздерінің мұндай табысқа қалай жеткендігін баяндап, өскелең ұрпаққа мотивация беріп, үлгі болар еді. Сондай-ақ, «Солтүстіктің аңыздары» деген бизнес-тур ұйымдастыруды көздеп отырмын. Оның мақсаты – қазақстандықтарға теріскейдің көрікті жерлерін көрсету.

Аймақ басшысы бұл құптарлық идея деді. Себебі, өзге өңірлерде жүзеге асырлып жатқан бизнес-турлар сұранысқа ие. Осылайша, кәсіпкерлікке жастарды көптеп тартуға мүмкіндік бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өлкемізде еңбекке қабілетті 200 мыңға жуық тұрғын бар. Алайда, кәсіпкерлік саласында тек 2 мың қыз-жігіт жүр. Бизнестегі жастардың үлесін арттыруымыз керек. Жыл сайын олардың қатарына 200-дей адамды қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде біз қарапайым заттар экономикасына басымдық беріп келеміз. Оның айрықша үлгісі – “Радуга” серіктестігі. Кәсіпорын халық тұтынатын 500-ден аса тауар түрін шығарады. Бұрын өнімдердің барлығын Қытайдан әкелсек, қазір өзіміз аспан асты еліне экспорттаудамыз. Сондықтан, жас бизнесмендерге дәл осы бағытқа да назар аударған жөн.

Кәсіп ашып, нәсіп табу үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау зор. Тиімді бағдарламалар да аз емес. Бастысы қалыс қалмай, идеяң болса, оны іске асыруға талпыну қажет. Әділ Бейсембаев та бастамашыл жастардың бірі. Жуырда ол Даун синдромына шалдыққан балаларды қоғамға бейімдеуге арналған әлеуметтік жобаны қолға алыпты. Сәтті жүзеге асырылған, нәтижесін берген істі одан әрі дамытқысы келеді.

Әділ Бейсембаев:

–  Қалада Даун синдромына шалдыққан балалармен жұмыс жасайтын арнайы мамандар бар. Логопед, психологтар бірге еңбек етуге дайын. Негізгі проблема – орталықты ашатын тұрақты орын қажет. Қазір олар көшіп-қонып жүр.

Өзекті мәселені бір мезетте-ақ шешу оңай шаруа емес. Мұндай орталық сал ауруына шалдыққан және аутист балаларға да қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде біздің өңірде оңалту орталықтары жоқ. Балаларға жүйелі емдеу шаралары қажет. Егер күнделікті мамандарға барып, тиісті процедураларды алатын болса, жағдайлары әжептәуір жақсарып қалар еді. Мәселені шешуге биыл құрылысы басталатын көпбейінді аурухананың ықпалы тимек. Қалған емдеу мекемелері толығымен босайды. Сол нысандарда оңалту орталықтарын ашуға мүмкіндік болады деген ойдамыз.

Көпбейінді жаңа аурухана кадр жетіспеушілігін жоюға да септеспек. Себебі, облыс орталығындағы барлық ақхалатты абзал жандар енді бір жерде шоғырланатын болады. Аудандардағы маман тапшылығын жоюға Александра Оттың қолға алғысы келетін жобасы көмектесуі мүмкін. Нәзіжкандының медициналық еріктілер тобын құрмақ ойы бар.

Александра Отт – Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің студенті:

– Медициналық еріктілер Ресейде жақсы жұмыс жасайды. Бізде бұндай жоқ. Жоба не үшін қажет? Біз халыққа алғашқы көмекті дұрыс көрсетуді үйретер едік. Сондай-ақ, өлім-жітім көрсеткіші жоғары аурулардың алдын алу мүмкіндіктерін айтып, елді мекендер мен қалада кәсіптік бағдар беру шараларын жүргізбек ниетіміз бар.

Еріктілер қозғалысының дамуына елімізде көп көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы келесі 2020-ны белсенділердің жылы деп белгіледі. Сондықтан, облыс әкімі Александра Оттың бастамасы назарсыз қалмайтынын сөз етті. Шарада тағы жастар арасында жемқорлыққа «мүлде төзбеушілік» көзқарасын қалыптастыру туралы да айтылды. Бұл бағытта «Қызылжар – адалдық алаңы» жобасы жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, Құмар Ақсақалов жиналғандарға қаржы басқармасындағы жағдайды баяндады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қаржы басқармасының басшысы отставкаға кетті. Өтінішті мен мақұлдадым. Бұл шешімді дұрыс деп есептеймін. Себебі, ол өз қол астындағы қызметкердің бюджеттен ақша жымқыруына жол берген. Тиісті бақылаудың болмағанынан орынбасары 83 млн теңгені қалтасына басқан.

Аймақ басшысының белсенді жастармен көздесуі екі сағатқа созылды. Жиын соңында өңір жетекшісі ұл-қыздармен естелік суретке түсті.

Эльмира Сәдуақасова