Қоғам

Арысқа теріскейден жәрдем жіберілуде

Арыс қаласында болған жойқын жарылыстан зардап шеккендерге теріскейліктер қолдан келгенше жәрдемдесуде. Олар азық-түлік, гигиеналық құралдар мен өзге де қажетті дүниелерді жаппай қабылдау пункттеріне әкеліп жатыр. Бүгінгі күні жарылыс орын алған қалаға Солтүстік Қазақстаннан 5 жүк көлігі аттанды.

Дүйсенбі. Арыстағы әскери бөлім аумағындағы қоймада жойқын жарылыс орын алды. 45 мыңға жуық тұрғыны бар білдей бір қаланың тұрғындары эвакуацияланды. Өйткені, шаһарда қалу қауіпсіз емес. Шымкенттен 100 шақырымдай жердегі шаһарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бас сұғып, панасыз қалған арыстықтардың жағдайымен танысты, көмектесеміз деп уәде берді. Бүгінде апаттан жапа шеккен отандастарына күллі Қазақстан, оның ішінде теріскей жұртшылығы да жұмыла қол ұшын созып жатыр.

Саят Ермек – тілші:

– Жерлестеріміз қолдарынан келгенше қолғабыс етуде. Мәселен, жергілікті кәсіпкерлер өздері шығаратын өнімдерді жөнелтуде. Мұнда тез жайындалатын кеспе, ұн, қант, май, жарма – қысқасы қажеттінің бәрі бар. Қатардағы тұрғындар да қалыс қалмақ емес. Олар да шама-шарқынша азық-түлік пен тазалық құралдарын әкелуде. эалып СҚО-дан бүгін Арысқа 5 фура аттанады деп жоспарланып отыр. Жолда олар 2 тәулік жүрмек.

Азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын, тұрмыстық химиядан өзге құрылыс материалдары да жиналды. Олар жарылыстан зақым көрген үйлерді жөндеуде қолданылмақ. Бұл біздің ортақ қайғымыз дейді солтүстікқазақстандықтар. Сондықтан, олар қолдан келген көмегін аямауда.

Ғалия Малдыбаева – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры директорының орынбасары:

– С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының атынан гуманитарлық көмек әкеліп тұрмыз. Мынадай жағдай болып жатқанда, қалыс қалған жоқпыз. Өйткені, жүрегімізбен, көңілімізбен Арыс халқымен біргеміз. Актерлар, театр қызметкерлері – барлығымыз көбінесе тұрмыстық химия, жеке бастың гигиенасына арналған заттар мен киім кешек әкелдік. Аянып жатқан жоқпыз.

Теріскейден Арысқа бүгін 110 тоннадай гуманитарлық жәрдем жөнелтілмек. Петропавл ғана емес, барлық 13 ауданда штабтар құрылып, материалдық көмек жинастырылды. Мәселен, Мамлютка қаласындағы ұн үгу комбинаты түстікке 20 тоннадай ұн жөнелтті. Аудан тұрғындары да қалыс қалмады. Бір сөзбен айтқанда, солтүстікқазақстандықтар жұмылған жұдырықтай бірікті. Қажетті дүниелерден өзге қаражат та жиналуда.

Евгений Глотов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Мемлекеттік және құқық қорғау органдары, саяси ұйымдар мен түрлі мекемелердің қызметкерлері ерікті түрде біркүндік жалақыларын аударуда. Қаражаттың бәрі арнайы шотқа түсіп жатыр. Жерлестерімізге мың алғыс білдіреміз.

Евгений Глотовтың айтуынша, гуманитарлық және қаржылай көмек жинау тек бүгінмен тоқтамай, жалғасады әлі. Алдағы бір апта көлемінде теріскей түстіктегі шаһарға жүйелі түрде жәрдем тиелген жүк көліктерін аттандырып отырмақ ниетте. Қол ұшын созамын дейтін петропавлдықтар – қалалық мәдениет үйіне, ал ауылдағы ағайын аудандардағы штабтарға келе алады.

Саят Ермек