Спорт

«Qyzyljar» ФК ақтаулық “Каспий”-ді қабылдады

Футболдан бірінші лига құрамалары арасындағы ел біріншілігі жалғасуда. Оның аясында кеше жергілікті «Qyzyljar» құрамасы ақтаулық “Каспий”-ді қабылдады. Өңірлік аяқдоп шеберлері қарсыластарын минималдық есеп – 1:0-мен жеңіп, турнирлік кестенің вице-көшбасшысы атанды.

Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ теріскейлік құрама белсенділік танытып, қарсыластардың қақпасын торуылдаумен болды. Ал 5-ші минутта алғашқы тәртіпбұзушылық тіркеліп, “Каспий” қақпасына айып добы тағайындалды. Оны ұрған Шота Григалашвили. Есеп, бірақ ашылмады. Алдағы 40 минут қарқынды, алайда нәтижесіз шабуылдармен жалғасты. Сөйтіп, 1-ші таймды құрамалар 0:0-мен аяқтады.

Али Алиев, «Qyzyljar» ФК бас бапкері:

– «Каспий» мықты құрамаладың бірі екенін білеміз. Бұл кездесуге тыңғылықты дайындалдық. «Мақтаарал»-мен өткен ойынға талдау жасап, қателікке жол бермеуге барынша тырыстық. Алаңдағы команда сапы өзгеріссіз. Барлығы нәтижелі ойын көрсетуге үмітті, бүгін бізге жеңіс керек.

Жеңіс көп күттірмеді. Екінші таймның 9-минутында есеп ашылды.

“Каспий” қақпасының осал тұсын 17 нөмірлі қызылжарлық Павел Кривенцов таба білді. Ойынның соңғы минуттарында қос құрама саптағы футболшыларды ауыстырумен болды. Бірақ, бұл айтарлықтай нәтиже бермеді. Негізгі уақытқа 5 минут қосылғанмен есеп өзгермей, «Qyzyljar» жеңіске жетті.

Ильдар Айтов, «Qyzyljar» ФK капитаны:

– Бірінші кезекте, келген жанкүйерлерге алғысымды айтқым келеді. Бүгін 3 ұпай қанжығыладық, енді алда 1-ші айналымның 2 кездесуі бар. Бұл ойындарда да жақсы нәтиже көрсетіп, 6 ұпай иемденуіміз қажет.

Бұл жетістіктен соң «Qyzyljar» футбол клубы 1-ші лиганың турнирлік кестесінде, әзірге 2-ші орынға табан тіреді. “Қарасай” стадионындағы келесі ойын шілденің 6-сы күні өтеді. Бұл жолы өңір құрамасы шымкенттік «Оңтүстік Академияны» қабылдамақ.

Ақтолқын Солтанханқызы