Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Азия чемпионатының жүлдегерлерімен кездесті

Ел мақтаныштары! Сенбі күні облыс әкімі Құмар Ақсақалов сәуір айында Өзбекстанда өткен Азия чемпионатының жүлдегерлерімен жүздесті. Аймақ басшысы ел намысын халықаралық жарыста сәтті қорғап шыққан жерлестерімізді Құрмет грамотасы және ақшалай сыйақымен марапаттады.

Жыл сайынғы дәстүрге сай мұнда теріскейдің ғана емес, барша Қазақстанның намысын сәтті қорғаған спортшылар жиылып отыр. Нұрғожа Қайпанов, Артем Захаров, Жандос Бижігітов. Бір сөзбен айтқанда, құрлықтың мықтыларын шан қаптырып кеткен біздің мақтаныштарымыз. Жылма-жыл олардың қатары артып келеді. Себебі, жерлестерімізге танытылатын қолдау мығым.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Спорттың дамуы үшін материалдық-техникалық база қажет. Соңғы жылдары Петропавлда Винокуров Спорт сарайы, Теннис орталығы ашылды. Былтыр 2 аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарын аштық.

Марапаттау рәсімінің де уақыты келіп жетті. Алғашқы құттықтауды қазақ күресі тарихындағы ең жас чемпион қабылдауда. Бұл титулдың иесі – Нұрғожа Қайпанов. Азия біріншілігінде алтын жүлдені қанжығалаған теріскейліктің демалысқа уақыты жоқ. Оны алда түрлі дәрежедегі байрақты бәсекелер күтіп түр. Палуан Польшада өтетін халықаралық жарыста бағын сынап, күзде Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылатын әлем чемпионатында жеңімпаз атануды көздеуде. Ал басты мақсаты – келесі жылы 5 құрлықтың басын біріктіретін додада топ жару.

Нұрғожа Қайпанов – Азия чемпионатының жеңімпазы:

–  Бұйырса Олимпиада шыңына көтеріліп, көк байрағымызды желбіреткім келеді. Ол үшін маған салмақ дәрежемді 70-тен 74-ке дейін көтеру қажет. Әлем чемпионаты өткеннен кейін жаттықтырушылармен ақылдасып, бір шешімін қабылдайтын боламыз.

Наталья Сайфутдинова қатысқан халықаралық жарыстарды санап жаңылысуға болады. Нәзікжанды велоспорттан біріншіліктерге 15 жылдан астам уақыт бойы сынға түсіп келеді. Осы аралықта талай рет жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің намысын сәтті қорғаған. Азия чемпионатында да велошабандоздың дайындығы өз нәтижесін беріп, ол күміс жүлдені қанжығасына байлады.

Наталья Сайфутдинова – Азия чемпионатының жүлдегері:

–  14 жаста болғанда Алматы қаласындағы ел чемпионатына қатыстым. Жарыста жүлделі орынға қол жеткіздім. Сондағы көзімдегі отты көрсеңіздер ғой. Еңбегімнің ақталғанына қатты қуандым. Спортқа деген ерекше махаббат оянып, әрдайым жеңіске жетуді мақсат тұттым. Сол от бүгінге дейін еш сөнген емес. Ол маған байрақты бәсекелерде әрдайым қолдау береді.

Тағы Азия біріншілігінде қола жүлдені місе тұтқан жандар да облыс әкімінің құрмет грамотасы мен ақшалай сыйақысына ие болды. Сондай-ақ, чемпиондарды тәрбиелеген жаттықтырушылар да назарсыз қалмады. Бапкерлер аймақ басшысының алғыс хатымен марапатталды. “Баласы атқа мінсе, анасы үйде тақымын қысып отырады” деседі қазақ халқы. Көздерінде – жас, бойларында – қобалжу. Спортшыларымыз жарыс алаңында, боз кілемде бақтарын сынап жатқанда әке-шешелерінің уайымын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Енді спортшылар 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына лицензия алу үшін еңбектенетін болады. Дүбірлі додаға дейін де жерлестерімізді талай сын күтіп тұр.

Эльмира Садвокасова