Білім

Өңірімізде ҰБТ бастау алды

Бақ шаба ма, бап шаба ма? Солтүстік Қазақстан облысында Ұлттық бірыңғай тестілеу бастау алды. Жексенбі күні оған өңіріміздің 10 ауданының түлектері қатысты. Ал М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де сынақты барлығы – 1300 талапкер тапсырады. Олардың 500-і үшін емтихан артта қалды. 11 жылдық білімдерін бүгін! облыс орталығының бірнеше білім ошағы және үш бірдей аудан мектептерінің түлектері дәлелдеді.

Сағат таңғы 8. Түлектердің 11 жылдық білімін сынайтын сәт те келіп жетті. Бар-жоғы 60 минуттан соң, олар қолдарына қалам мен сынақ кітапшасын алып, тестілеуді бастайды. Біреулері тек өздеріне сенсе, кейбірі шпаргалка мен телефонға да арқа сүйейтін көрінеді. Алайда, бөгде заттардың барлығы кіреберісте-ақ тәркіленуде.

Алдияр Айтпаев – болашақ журналист. ҰБТ-мен оның емтихандары аяқталып қалмақ емес. Алда талапкерді білім аламын деген жоғарғы оқу орны қабырғасындағы сынақ күтіп тұр. Дегенмен, дәл бүгін оның жолы болды. Ержігіт бар-жоғы екі пәннен тест жазады: Қазақстан тарихы және оқу сауаттылығы. Қобалжуы өзгелерінен кем емес.

Алдияр Айтпаев – талапкер:

– Ұйықтаған жоқпын. Жасырмаймын, қобалжыдым. Бәрі жақсы болса екен деп тіледім өз ішімнен. Осыған дейін 40 балдай алып жүрдім. Әр кезде әрқалай. Алдағы мақсатым аға-әпкелерімнің жолын қуып, белгілі журналист атану. Телебағдарлама жүргізу.

Әрбір түлектің болашаққа деген өз жоспарлары бар. Талапкерлер мақсатының жүзеге асу-аспауы ҰБТ-ның нәтижесіне тікелей байланысты. Сондықтан, қобалжуды сыртта қалдырып, ойды жинақтау қажет. Түлектердің бірқатары сынаққа бірінші мәрте қатысып отырған жоқ. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып балалар қыста және көктемде мемлекеттік грантқа үміттенбейтіндермен бірге бақтарын сынап көрген. Айта кету керек, биыл сұрақтардың базасы 30 пайызға жаңартылыпты. Емтиханға 500 теріскейлік қатысуда. Олар жергілікті жоғарғы оқу орнының 9 аудиториясына жайғастырылған.

11 жыл бойы оқып-тоқығаныңды сынайтын сұрақтар міне – мына кітапшаларда. Талапкерлерге тапсырмаларды орындауға 3 сағат 50 минут уақыт беріледі. Әрбір секундты босқа жібермей, тиімді пайдалану қажет.

Ирина Голодова, ҰБТ жауапты хатшысы:

– Шектік ұпай түлектердің таңдаған мамандықтарына байланысты. Мысалы, педагогикаға түсу үшін кемінде – 60, медицинаға 65 балл жинау қажет. Ал ұлттық жоғарғы оқу орындарында білім алғысы келетін балалар бұдан да жақсы нәтиже көрсетулері тиіс. Грантқа дәмелі талапкерлер үшін әзірге ақпарат жоқ. Олардың шектік ұпайы ел бойынша ҰБТ аяқталған соң белгілі болады. Тегін оқуға өтініштерді қабылдау биыл шілденің 13-20-сы арасында өтеді.

Әрбір аудиторияның сыртында ұялы телефон сигналын сөндіргіштер орнатылған. Тестілеудің барлық талапқа сай өтуін Білім министрлігінің 10 өкілі қадағалауда. Сондықтан, талапкерлерге тек өз білімдеріне ғана сенуден басқа амал жоқ. 4 сағатқа жуық өтетін сынақты ата-аналар қауымы экраннан қарауда. Новокаменка орта мектебінің биология пәні мұғалімі Ғалия Әлімбетованың қобалжуы бүгін еселеніп отыр. ҰБТ-ны ұстаздың оқушылары ғана емес, кіші қызы да тапсыруда. Ол – «Алтын белгі» иегері.

Ғалия Әлімбетова – Новокаменка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Қызым жақсы оқыды бірінші сыныптан бастады. Биыл жақсылап дайындалды. Қызыма сенемін. Бірінші партада отыр, көріп отырмын.

Нәтижелер кешкісін белгілі болады. Түлектердің көңілі толмаған жағдайда апелляциялық комиссияға жүгінуге мүмкіндіктері бар. Талапкерлердің екінші легі сынақты – маусымның 26-сы, соңғылары сенбі күні тапсырмақ.

Эльмира Садвокасова