Қоғам

Өңірде Сабантой мерекесі атап өтілді

Маусымның 23-і татар халқының дәстүрлі “Сабантой” мерекесі аталып өтілді. Бұл күні қаланың орталық алаңына жиналған теріскейліктерге әннен шашу шашылып, түрлі сайыстар ұйымдастырылды.

Сабантой – татулық пен тыныштықтың, достастық пен бауырластықтың, еңбек пен ізгіліктің мерекесі. Салтанатты мейрамды атап өту үшін жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев келіп құттықтады.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл мереке теріскейліктер үшін аса маңызға ие. Осы күнді баршамыз асыға күтеміз. Солтүстік Қазақстан облысы – бірегей мәдениеттері бар қаншама ұлт өкілінің ортақ мекені. Сабантой – ұлт пен ұлысты ұйыстыратын, тағылымы мен тәлімі зор жалпыхалықтық мейрам. Баршаңызды айтулы күнмен шын жүректен құтықтаймын.

Жыл өткен сайын Сабантой мерекесінің ауқымы кеңейіп, маңызы арта түсуде. Бұл күні орталық алаңға жиылған халықтың қарасы қалың. Түрлі ұлт өкілдері өнерпаздармен бірге қосыла би биледі және ұлттық тағамдардан дәм татты.

Жергілікті “Дуслык” татар-башқұрт орталығы осыдан 30 жыл бұрын құрылған. Міне, сол уақыттан бері теріскейліктер де татар ұлтының өкілдерімен бірлесіп, Сабантой мерекесін атап өтеді. Көкшетаулық «Ғалиябану» татар-башқұрт халық ансамблі мейрамды солтүстікқазақстандықтармен бірге қарсы алу үшін осында жылда келеді екен.

Светлана Ибрагимова – “Ғалиябану” татар-башқұрт халық ансамблінің әншісі, Көкшетау қаласы:

– Сіздерді айтулы мерекемен құтықтау үшін жылда Көкшетау қаласынан келеміз. Бізге бұл жердің жұртшылығы қатты ұнайды әрі сіздерге бауыр басып кеткенбіз. Татулығымыз бен бірлігіміз мәңгі жасай берсін деп тілегім келеді.

Жиналғандар татар халқының әуендерін ерекше ынтамен тыңдады. Сабантой мерекесіне ортақтасуға Қызылжарға Қазан қаласынан Татарстанның еңбек сіңірген әртісі Мирсаит Сунгатуллин де ат басын тіреген.

Мирсаит Сунгатуллин – Татарстан Республикасының халық әртісі, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі:

– Петропавл қаласына табан тіреген сәттен-ақ оның қонақжай тұрғындары маған қатты ұнады. Өзімді туыстарымның арасында жүргендей сезімдемін. Мен мұнда алғаш рет келіп тұрмын. Қазақстан халқына деген сүйіспеншілігім бөлек, бір шаңырақтың астына бірнеше ұлтты сыйдырған елге қашанда басымды иемін.

Татар халқының ұлттық мерекесі әдеттегідей түрлі ойындарға толы. Мәселен, мұнда теріскейліктер гір көтеріп жарысса, басқа жерде жігіттер белбеу күресін ұйымдастырып, өзара мықтыны анықтады. Жеңімпазға сыйлық ретінде бір қой берілді.

Жаслан Құрманғалиев:

–  Соңғы жылдары белгілі себептермен сүйікті спорт түрі – күреспен айналыса алмай жүрген едім. Мерекеге орай осында келіп бағымды сынауды жөн көрдім. Міне, ешқандай дайындықсыз келіп, жеңіске жеттім. Қуанышымда шек жоқ.

Мерекені тойлауға жиылған халықтың көңіл-күйін нөсерлеп жауған жаңбыр да серпілте алмады.

Маржан Касымбек