Қоғам

“ETNOTAYN-2019” жастар фестивалі өтті

Этнотаун-2019. Осындай атаумен Петропавлдың басты алаңында жастар фестивалі өтті. Бұл шараға қалалық және 6 аудандық құрама қатысты. Өз бақтарын 3 кезеңде сынаған қатысушылар киіз үй тігіп, дастархан жайды, ұлттық салт-дәстүрді көрсетті.

Биыл фестивальдің жалпы талаптары мен құрамаларға берілетін тапсырмалар өзгерген. Бұл жолы топтар киіз үй құрды. Жиналған қауымға өнерлерін паш етіп, өзара сайысқа түседі.

Гүлдана Рыспаева, СҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінгі іс шараға 6 топ қатысып отыр. Олар: мектеп ұжымдары, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер және ауданнан келген құрамалар. Осы сайыс 3 кезеңнен өтеді. Біріншісі – өзін-өзі таныстыру кезеңі, кейін – үй тапсырмасы. Мында олар қазақтың ұлттық тағамдарын, салт-дәстүрін көрсетеді.

Бірінші шаңырақта «Мәңгілік ел жастары» құрамасы орналасқан. Колледж студенттері мен жас мамандардан тұратын ұжым байқауға барынша дайындалыпты. Олар өз қолдарынан жасаған киім үлгілері мен кесте, тоқыма сынды қолөнер бұйымдарын ала келген.

Зарина Ахметова, СҚО білім басқармасының әдіскері:

–  Бүгін біздер өзіміздің өнерімізді, тағамымызды, ұлттық аспаптар, киім-кешек үлгілерін ортаға салайын деп отырмыз. «Өнерлінің өрісі кең» деген үй тапсырмасына ұлттық би дайындап әкелдік. Колледж студенттері оған дайын.

Ал Бескөлден келген қонақтар таныстыру кезеңін осылай бастады. Олар балаға азан шақырып ат қою дәстүрін көрсетті.

Жандос Искаков, Қызылжар аудандық жастар орталығының директоры:

– Сайысқа жақсы дайындықпен келдік. Өзіміздің ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, соларды әкеліп, көрмеге қойып және ұлттық асымызды әкеліп ортаға жайдық. 00:43 Қызылжар ауданының жастары – әр мемлекеттік мекемелерден бір-екі адамнан әкеліп отырмыз.

Енді ұлттық ойындардың кезегі. Бұл ретте қатысушылар асық атып, арқан тартысты.
Ал қазылар алқасы болса жарыстың әділ әрі талапқа сай өтуін қадағалады.
Нәтижесінде «Мәңгiлiк ел жастары» құрамасы 1-ші орынды иеленді. Екінші орынды Қызылжар ауданының жастары еншілесе, үздік үштікті қалалық «Мемлекеттiк қызметкерлер» командасы тұйықтады.

Актолкын Солтанханкызы