Спорт

БАҚ қызметкерлерінің кезекті спартакиадасы өтті

Спортты  материалдарда ғана насихаттамай, өзіміз де үлгі көрсетуіміз керек. Бұл – өңір журналистерінің ұстанымы. Сондықтан, жергілікті арналар, газеттер мен өзге де бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері  кәсіби мерекелері қарсаңында кезекті рет спартакиадада бас қосты. Олар футбол мен волейбол ойнады, сақа атты, жүгірді.

Спорт жайлы материал әзірлеу мен онымен айналысу – тіпті бөлек дүниелер. Мұны теріскейлік БАҚ өкілдері жақсы біледі. Бірақ, жыл сайын олар өздерінің салауатты өмір салтына жақын екендігін дәлелдеп келеді.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл спартакиада жақсы дәстүрге айналды. Кәсіби мерекелеріңіздің қарсаңында жиналып, жарысқа түсетіндеріңіз – мақтарлық дүние. Бұқара сіздерді біледі, көреді, тыңдайды, оқиды. Сондықтан, осылайша сіздер жұртшылықты жаппай спортпен айналысуға үгіттеп отырсыздар.

БАҚ өкілдері арасындағы спартакиада спорттың 7 түрін қамтиды. Қатысушы командалардың саны да 8. Сіз сүйіп көретін Муниципалдық телеарна құрамасы да бар арасында.

Арна операторы Рустам Тлеужанов дәл қазір ботай сақадан бағын сынауда. Бұл спорт түрі спартакиадаға алғаш рет биыл енгізіліп отыр. Алайда, алып асықтарды ату сайысында біз жүлдеден құр қалдық. Мұнда – аудандар құрамасы үздік атанды.

Шахматтан МТРА-ның намысын қос диктор, көптің көзайымы Байболат Бектемірұлы мен Эльмира Сәдуақасова қорғап жатыр. Бас жүлденің бұйырмағанына қарамастан, қанжығамыз әжептәуір майланды. Жалпыкомадалық есепте әріптестеріміз екінші орынды иеленді. Байболат та, Эльмира да қоланы місе тұтты.

Байболат Бектемірұлы, МТРА тілшісі:

– Өкінішке қарай жылдағы қарсыласым, “Qyzyljar” арнасының өкіліне есе жібердім. Бұл кісіні мен 4 жылдан бері ұта алмай жүрмін, биыл да солай болды. Келесі жылға дайындаламыз, жеңіске жетуге тырысамыз.

Эльмира Сәдуақасова, МТРА тілшісі:

– Менің әріптесім Байболат Құлтанов – біздің арнамыздың мықты шахматисті. Ол мені 1 күн ішінде шахмат ойынына үйретті. Мен кішкентай кезімнен тек фигуралардың қалай жүретінін білетінмін. Бүгінгі қарсыласым – ол өте мықты шахматист. “24.kz” телеарнасының тілшісі Нұргүл Ахметоваға есе жібердім. Келесі жылдары дайындалып, бұдан да мықты нәтиже көрсеткім келеді.

Үстел теннисінен де құр қол қайтпадық. Сақада сәті түспеген Рустам Тлеужанов мұнда “Қазтелерадио” теннисшісіне ғана есе жіберіп, екінші орынға табан тіреді. Нәтижесінде кезекті күміс қоржынға түсті. Ал қыздар арасында “Солтүстік Қазақстан” газетінің аға тілшісі Орынбасар Төлепбергенқызы топ жарды.

Орынбасар Төлепбергенқызы, «Soltústіk Qazaqstan» облыстық газетінің аға тілшісі:

– Қарсыластарым мықты болды, әрине. Оларды жеңу оңай болған жоқ. Бірақ, биыл жолым болды. Мектеп кезінен бастап үстел теннисін ойнағанды жақсы көремін. Соның да көмегі болды деп ойлаймын. Осындай спартакиаданың өткізіліп тұрғаны жақсы.

Муниципалдық телеарна қызметкерлері волейболдан да бақтарын сынады. Командамыз мұнда “Қызылжар” арнасының ойыншыларына есе жіберіп, алғашқы кезеңде жарыстан шет қалды. “Солтүстік Қазақстан” газеті мен аудандар құрамасы арасындағы ақтық матч тартысты болды. “Мағжан жұлдызы”, “Вести” және “Колос” сынды аудандық газет қызметкерлерінен құралған команда қарсыластарын ойсырата жеңіп, үздік атанды.

Еркебұлан Елубаев,«Мағжан жұлдызы» газетінің шеф-редакторы, М.Жұмабаев ауданы:

– Журналистер дене шынықтыру, спорт, саламатты өмір салтын насихаттауды тек газет арқылы, теледидар арқылы көрсетпей, өздерінің ісімен, осындай жарыспен, ойын ойнап дәлелдеп отыр. Осындай жарыстар жас ұрпақты, облыс тұрғындарын спортпен айналысуға, дене шынықтырумен шұғылдануға үгіттейді деп ойлаймын.

Футболда да аудандық журналистердің жолы болып, алтыннан алқа тағынды. Ал МТРА құрамасы алғашқы ойында меншікті тілшілерді 6:2 есебімен ойсыратып еді, алайда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің болашақ журналист-жастарына есе жіберіп алды. Нәтижесінде бізде – 4-ші орын.

Ал қазір желаяқтар жарысуда. Оқиға орнына бірінші болып жететін журналистер үшін жүгіру қиын боп па?!

Жанкүйерлердің қызу қолдауына қарамастан, эстафеталық сында да біздің арна тілшілері 4-ші орынға табан тіреді.

Соңғы сайыс – арқан тарту. Кім мықты, қай құраманың бірлігі жарасқан? Бәрі осы сайыста сыналады. Финалда Солтүстік Қазақстан мен меншікті тілшілер тартысуда. Бірнеше минутқа созылған күресте ақыры меншікті тілшілер жеңіп кетті. Бұл жетістікке жетелеген қара күш қана емес дейді чемпиондар.

Зайра Жақыпова, «Хабар» агенттігінің меншікті тілшісі:

– Әр командада өз құпиялары бар дегендей, біздің командамызда, ең бастысы, бірлік болды. Сол бірлік бізді жеңіске әкелді деп ойлаймын.

Осылайша додалар мәресіне жетті, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Енді оларды ұлықтар шақ. Әр спорт түрінен үздік атанғандар медальдарын тағынды. Топ жарған құрамаларға кубоктардан бөлек, тұрмыстық техника және өзге де бағалы сыйлықтар табысталды.

Саят Ермек