Құқық қорғау органдары

Қазақстан полициясының құрылғанына – 27 жыл

Маусымның 23-і Қазақстан полициясының күні аталып өтілді. Осыған орай облыс орталығында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Жиында қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген мамандарға өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.

Жауапты жұмыстың жүгін арқалаған мамандарға арналған мерекелік іс-шара Жастар сарайында өтті. Айтулы күні жиылған полицейлерді өңір басшысы Құмар Ақсақалов құттықтады.

Кұмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Полиция қызметкелері, ардагерлер, құрметті қонақтар сіздерді кәсіби мерекелеріңіз Қазақстан полиция күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Салтанатты шара барысында бірқатар құқық қорғаушының еңбегі еленді. Өңір басшысы оларға Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыстады. Кәсіби мереке күні қошеметке бөленгендердің арасында Әлібек Ғабдуллин де бар. Жерлесіміз 2006 жылы өз қызметін Жамбыл ауданында мектеп инспекторы болып бастаған екен. Қазіргі күні – қалалық жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы.

Әлібек Ғабдуллин – Петропавл қалалық жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы:

– Бүгін құрметке бөленіп, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып жатқаныма өте қуаныштымын. Біздің еңбегімізді бағалап жатқандарына алғысым шексіз. Негізі, полиция қызметкері абыройлы, жұмысына адал болуы керек. Әрине, біз үшін ең бастысы – халықтың бізге деген сенімі. Сол себепті, бізге артқан үмітті ақтау жолында күш-жігерімізді жұмсап, аянбай адал еңбек етеміз.

Сонымен қатар, мамандардың біразы Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Солардың бірі – Роза Жүкенова. Ол ішкі істер органдарында 15 жыл бойы қызмет атқарып келеді. Осындай қиын әрі жауапты салада еңбек етіп жүргеніне еш өкінбеймін дейді нәзікжанды. Себебі, бұл мамандықты ол бала кезінен армандаған екен.

Роза Жүкенова – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:

– Көші-қон қызметі басқармасында аға инспекторы болып қызмет атқарамын. Жұмыстағы мақсатымыз – ҚР-на келген шетел азаматтарын тексеруіп, бақылау. Негізі ішкі істер органында жұмыс істеуді бала кезімнен армандаған едім.

Бұдан бөлек, мереке қарсаңында бірнеше қызметкердің шені жоғарылады.
Кейін, шара мерекелік концертпен жалғасты.

Дана  Ешкенова