Мәдениет

Жергілікті актерлер халықаралық байқаудан оралды

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының труппасы елордадан оралды. Жерлестеріміз бас қалада осымен 7-ші мәрте өткен халықаралық “Samgau” фестиваліне қатысыпты. Онда теріскейліктер өнерсүйер қауымға ресейлік режиссер Галина Зальцманның “Ромео и Джульетта” спектаклін ұсынған.

“Ромео и Джульетта” спектаклін қоюшы режиссер – Галина Зальцман. Туындыны Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актерлері өткен 132-ші маусымда алғаш рет көрерменге ұсынды. Ал жақында елордада өткен халықаралық “Samgau” фестивалінде сахналапты.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Біз бұл фестивальге бұрыннан қатысқымыз келіп жүрді. Алайда, түрлі жағдайларға байланысты сәті түспеді. Міне, жақында жолымыз болып елордаға бардық. Халықаралық деңгейдегі шарада бағымызды сынадық. Өкініштісі, жүлде бұйырмады. Тек естелік сыйлық алып қайттық. Бірақ, тәжірибемізді толықтырдық, мамандардың ақыл-кеңесін алдық.

Сонымен қатар, теріскейлік актерлер шеберлік сағаттарына қатысыпты. Өзге де театрлардың туындыларын тамашалап, мол әсер алған. Жалпы, фестивальге Қазақстаннан өзге Ресей, Өзбекстан мен Литва елдерінен де келген өнер ұжымдары қатысқан екен.

Ярослав Чумак – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының акёрі:

– Бұл фестивальден өз басым көп нәрсе үйрендім. Өзге елдердің актерлерімен таныстық. Өнерлерін тамашаладық. Мұнын бәрі болашақта қажет болады. Біздің спектакль көпшіліктің көңілінен шықты. Көрермендер қойылымнан кейін келіп, алғыстарын айтты.

Театр ұжымы қазір демалыста. Бірақ, олар тынығып жатқан жоқ. Келесі, яғни 133-ші маусымға жаңа қойылымдарды әзірлеуде.

Байболат  Култанов