Құқық қорғау органдары

Петропавлдағы кинологиялық орталықта 25 қызметтік ит бапталады

Овчарка, спаниель және лабрадор. Петропавлдағы кинологиялық орталықта осы тұқымдас 25 төбет бапталады. Олардың әрқайсысы – есірткі, жасырылған жарылғыш зат пен жоғалған адамды іздеп табуға үйретіледі. Машықтануы күшік кезінен бастап қолға алынатын төртаяқтылардан тәртіп сақшысының нағыз қызметтес төбетін тәрбиелеу әсте оңай жұмыс емес.

Қожайынын көргенде лабрадор Коди осылайша қуанады. Дәл қазір кинолог Марат Ахметов өзінің қызметтік төбетін жаттықтырып жатыр. Төртаяқты із кесуші алдындағы кедергілерді қиналмай-ақ еңсеруде.

Коди – жарылғыш заттарды іздеудің шебері. Мұндай машықтағы иттердің саны облыс бойынша 6-ау ғана. Бір жерге бомба қойылды деген хабар түссе, білікті маман итін ертіп алып іске кіріседі. Өткен күзде Қазақстан мен Ресей басшылары Петропавлда кездескен еді ғой. Ал олар бас сұғатын нысандарды осы төбет алдын ала бастан аяқ тінтіп шыққан.

Марат Ахметов – СҚО ПД инспектор-кинологы:

– Мен осы итпен 3-ші жыл істеп жатырмын. Алматыға барып, оқып келдік, Өзім де, ит те бәрін үйренді. Біз жерлерді, ғимараттарды тексереміз. Бүгінге дейін ешқандай нәрсе таппадық. Ол керек те емес.

Саят Ермек – тілші:

– Дәл қазір біз Кодидің иіс сезгіштік машығын тексеретін боламыз. Менің қолымда – “Гексоген” атты жарлығыш зат иісінің ұқсатқышы. Біз оны мұндағы 4 жәшіктің біріне тығамыз. Ал төбет оны тауып алуы тиіс.

Бірінші жәшікте түк жоқ, екіншісі де бос…. ал үшіншісінде бір нәрсенің барын сезген қызметтік ит бірден отыра қалды. Осылайша ол “таптым” деп белгі береді екен. Шынымен де, төбет жасырылған затты түк қиындықсыз тапты.

Үйретілген із кесуші төбет пен оны басқара білетін тәжірибелі кинолог. Олар қажет кезде мыңдаған адамның өмірін құтқара алады. Ал бұл үшін дағдыларды ұдайы жетілдіріп отыру қажет. Сондықтан, мұндай жаттығулар күн сайын өткізіліп тұрады. Жай ғана әріптес емес, бұл қос тәртіп сақшысы – ажырамас достар. Себебі, күннің басым бөлігін бірге өткізеді, бірге қызмет істейді. Сондықтан, өзінің 4 аяқты серігіне Марат баяғыда-ақ бауыр басып қалған.

Марат Ахметов – СҚО ПД инспектор-кинологы:

– Тамағын берерде, оған қандай тамақтың беріліп жатқанын қарайсың, түрлі аурулармен ауырмас үшін, жыл сайын мал дәрігеріне апарып тексертесің, вакцинация жасайсың. Итпен жұмыс жасасаң, жақсы дайындық өткізсең ол өзінің жемісін береді. Әрдайымс жаныңда жүрген соң, әрине дос болады. Демалысқа шыққанда, бір жаққа барғанда ойлайсың, сағынасың, келіп отырасың, қарайласып, ойнап кетесің.

Белгияның және немістің овчаркалары, испанияның спаниелі мен канадалық лабрадор. Петропавлдағы кинологиялық орталықта барлығы 25 қызметтік ит бапталады. Әрқайсысы бір-бір кинологқа бекітіліген. Бұл төбеттер жарылғыш заттарды ғана емес, есірткіні және із-түссіз жоғалған адамдарды іздейді. Мәселен, төртаяқты көмекшілердің қатысуымен жыл басынан бері 70 келі есірткі табылған.

Саят Ермек