Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық мәслихаттың 34-сессиясы өтті

Жолдардың жөнделу сапасы көңіл көншітпейді. Жергілікті билік өкілдері істі қабылдауда мердігерлерге қатаң талап қоюлары тиіс. Мәселені бүгін халық қалаулылары облыстық мәслихаттың 34-ші сессиясында көтерді. Жиында тағы өткен жылғы бюджеттің игерілуі қарастырылды.

Өткен жылы денсаулық сақтау саласына 3,5 млрд теңге бөлініпті. Қаржы 13 емдеу мекемесінің жөнделуі мен материалдық-техникалық базаны нығайтуға жұмсалған. Ал білімге – 10, ауыл шаруашылығына 35,6 млрд теңге бағытталыпты.

Наталья Дышкант – СҚО қаржы басқармасы басшысының орынбасары:

–  Тұрғындардың әлеуметтік қамтылуына облыстық бюджеттен былтырғы жылы 2 млрд 730 млн теңге бағытталған болатын. Жоспар 100 пайызға дерлік орындалды. Тағы жергілікті қазынадан мәдениет, архивтер және құжаттама саласына бөлінген қаражат 1 млрд 934,9 млн теңгені құрады. Ақша толығымен игерілді.

Келесі қаралған сұрақ – еш уақытта өзінің өзектілігін жоғалтпаған өңірдегі автомобиль жолдарына қатысты. Оның ұзындығы 9 мың шақырымды құрайды. Алайда, бұның барлығы айнадай теп-тегіс емес. Аймақтағы жолдардың 39 пайызының жағдайы көңіл көншітпейді. Республикалық көрсеткіште сондықтан СҚ көш соңында – 11-ші орында тұр. Проблеманы шешу үшін 2019-2021 жылдарға арналған кешенді жоспар құрылды. Бұл мақсатқа 62,2 млрд теңге бағытталмақ.

Владимир Балахонцев – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– 2019 жылы жолдарды жөндеуге 18,7 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланған. Оның ішінде 15,3 млрд-ы ел қазынасынан жұмсалады. Осылайша, 32 шақырымда – күрделі, 357 км-де – орташа, 183-інде – ағымдағы жөндеу, ал 8 шақырым жолда қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіледі. Тағы бір көпір мен 4 суөткізгіш құбырлардың жағдайы дұрысталмақ.

Биылғы жылы жөндеу жұмыстары барлық аудандардағы жолдарда жүргізіледі деп жоспарланған. Бұл көңіл қуантарлық жайт дейді облыстық мәслихат депутаты Сергей Тимофеев. Себебі, кей жерлерде жеңіл машина түгілі, ауыр техника да өте алмайды. Бұған азамат өзі көз жеткізіпті.

Сергей Тимофеев – облыстық мәслихаттың депутаты:

–  Біз депутаттармен елді мекендерді аралап шығып, атқарылып жатқан шаруамен танысып тұрамыз. Осылайша, М.Жұмабаев ауданында болдық. Лебяжье ауылына апаратын жолда «Ашық аспан» серіктестігі ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Бұндай шара жол жиегінің дұрыс өңделуін қарастырмайды. Яғни, жаңбыр суы көшенің ортасына жиналып қалады. Осылайша, төселген асфальт көп ұзамай тоза бастайды. Сондықтан, осыған назарларыңызды аудартқымыз келеді. Бұл – бір!

Екіншісі – Возвышенка селосына апаратын жол. Жол деп айтуға тіпті қиын. Бейнероликте дәл осы «асфальттің» жағдайы көрсетілген. Тағы облыстық мәслихат депутаты Мамлют ауданындағы жолдардың жөнделуіне де тоқталып өтті. Сергей Тимофеев мердігерлердің шаруасын қабылдауда қатаң талап қою керектігін баса айтты.

Эльмира Садвокасова